Бүгін Алматыда ер адам әуежай қызметкерін кепілге алып, пышақ кезенді. Оқиға 11:45-те болды. Қызды құтқару үшін 52 жастағы Мұса Абдырайым күдіктіге өзін кепілге ұсынып, қызметкердің орнына тұрған. Ер адам тәртіп сақшыларымен келіссөзге алаңдаған тұста ол күдіктінің қолындағы пышақты жұлып алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ерлігімен елді тәнті еткен азаматпен Kazinform сөйлесті. Ол әуежайға Қазақстанға әйгілі квартетті шығарып салуға келген.
— Әуежайға Қостанайдағы концертке бара жатқан «Жігіттер тобын» шығарып салуға келгенмін. Бір кезде айқау-шу естілді. Барсам, қызды ер адам пышақпен ұстап алған. Ол полицияны жанына жақындатпай тұр. «Келсеңдер, пышақ сұғам» деп қорытты. Соны көріп оған: «қыздың орнына мені кепілге ал» дедім. Бір жақсысы, ол айтқаныма көнді. Сөйтіп қыздың орнына тұрып, бір алаңдаған сәтінде қолынан пышақты жұлып алдым, — деді ол.
5 баланың әкесі мұндай әрекетке не итермелегенін де түсіндірді. Айтуынша, сол сәтте онда ешқандай қорқыныш сезімі болмаған, тек әуежай қызметкерін құтқаруды ойлаған.
— Кепілде болған қыздың орнында менің қызым да болуы мүмкін еді. Сондықтан тек құтқаруды ойладым. Себебі бір артық қимыл болса, қызға пышақ тығып алатындай болды. Өзімді батыр сезінбеймін. Ал, қандай да марапат болса, ол — халықтың ықыласы. Бірақ менің ойым адамды құтқару болды, — деді ол.