Түрмеден шыққан күннің өзінде келтірілген залал өтелуі тиіс.
Депутат Аманжол Әлтай заңсыз аң аулағаны үшін жазасын өтеп жатқан азаматтарға қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"24 адамның 21-і рақымшылыққа ілігетіні және де киік өлекселерінен мүйіздерді жинағаны үшін темір торда отырған азаматтардың барлығы рақымшылыққа ілігетіні белгілі. (...) 4 азаматтың мойнында 600 млн теңге айыппұлы бар екен. Олар тұрмыстық жағдайының қиындығынан осындай заңсыз қадамға барып отыр ғой. Рақымшылыққа іліккен азаматтарды қалыпты өмірге қайта бейімдеу, әлеуметтендіру мәселесі маңызды екендігі туралы айтылды. Осы рақымшылыққа іліккен, заңсыз аң аулаған не болмаса киіктің мүйізін жинағаны үшін жазасын өтеп жатқан азаматтардың мойнындағы айыппұлдары кешіріле ме?", – деді Аманжол Әлтай.
Бұл сауалға Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев жауап берді.
"Бұны айыппұл деп айтуға болмайды. Бұл – қоршаған ортаға келтірілген зала. Негізгі жазасы – бас бостандығынан айыру. Енді олар түрмеден шыққанда, залал қалады, оны өндіру керек", – деді Бас прокурордың орынбасары.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да осы мәселеге қатысты пікір білдірді.
"Осыдан екі апта бұрын өзіміз қабылдаған қылмыстық заңнаманы оңтайландыру туралы заңның аясында біз Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістер мен толықтыруларды бердік. Соның ішіндегі 339-бапқа 1-қосымша деп бөлек шығардық. Оның ішіне қолына қару алып, киіктерді атпаған немесе заңсыз балық ауламаған азаматтардың ісі осы норма бойынша қайта қаралатын болады. бірақ оны жинап, сатуға қатысқан азаматтардың іс-әрекеттері қайта қаралады. Бұл норма бұрын сотталып кеткен азаматтарға да қатысты. Өйткені Қылмыстық кодекстің 6-бабы бойынша заңның жеңілдетуге қатысты кері күш болады. Яғни, ол азаматтардан экологиялық залалдың бәрін өтесе жазасы жеңілдейді. Қазір құжат Сенат қабырғасында жатыр", – деді депутат.