Рақымшылық туралы заңға кімдер ілігетіні белгілі болды

Жаңалықтар

Мәжілісте рақымшылық жасау туралы заң жобасы қаралып жатыр.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық кімдерге қолданылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Заң жобасында 2021 жылы қолданылған рақымшылық жасау кезіндегідей, азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда, қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар, зиян келтіруге әкеп соқпаған ауырлығы орташа қылмыс жасаған не оны толық өтеген адамдар, залалдың немес азаматтық талаптың болуына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату көзделген. Екінші – қылмыстық істерді, соның ішінде осы заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар жасаған қылмыстар туралы соттар қарамаған істерді тоқтату. Үшіншісі – ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімін қысқарту көзделіп отыр", – деді депутат.

Сонымен қатар заң жобасында бірқатар новеллалар бар.

"Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алғаны немесе ысырап еткені немесе аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдарды қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген залал мен оларға қойылған талап-арыздар толық өтелген жағдайда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері бестен бір бөлікке қысқартылады. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың криминалдандырылған жаңа құрамдарына, мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға шектеу қою", – деді Абзал Құспан.