Алматыда жыл басынан бері мемлекеттің қолдауы арқасында 440 бизнес жоба іске асырылуда. Оларға жалпы сомасы 61 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Кәсібін одан ары кеңейтіп, дамытамын деушілер үшін жеңілдетілген несие де тұрақты беріліп келеді. Мәселен, биыл шағын және орта бизнесті субсидиялау, кепілдендіру және несиелеу үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 70 млрд теңге бөлінген.
Бұл желдету және климаттық техника шығарумен айналысатын зауыттың негізі 2012 жылы қаланған. Қазір кәсіпорын өнімдерін Орталық Азия, Ресей мен Үндістанға шығарады. Ал ішкі нарықтың 70%-ын қамтамасыз етіп отыр.
Марат Баққұлов, Желдету және климаттық техника шығарушы компанияның құрылтайшысы:
Қазір біз 180 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Жылына 41 мың данадан аса техника шығарамыз. 50 инженерді шетелдің озық зауыттарында оқыттық. Мұның барлығы әрине, мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырған бұл кәсіпорын 2021 жылы іске қосылған. Түрлі хош иісті су шығаратын компанияда 40-тан астам маман еңбек етеді. Жылдық тауар айналымы 600 миллион теңгеден асады. Дайын өнімді ішкі нарықтан бөлек, экспортқа да шығарады.
Арман Ғалымжанұлы, Парфюм шығаратын зауыттың бөлшек сауда бойынша директоры:
Жеңілдетілген 2% несие алған болатынбыз. Сол арқылы өндірісімізді үш есеге асырдық. Жұмыс орнын көбейттік. Несиенің арқасында біз Еуропа елдерінен сапасы жоғары шикізаттарды алып, қолжетімді бағада өнімдерімізді шығара бастадық.
Жергілікті әкімдік тарапынан шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында бірыңғай кешенді бағдарлама әзірленген. Атап айтсақ, кәсіпкерлер «Almaty Business – 2025» және «Jana Business» өңірлік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие ала алады.
Қуан Нұрақын