Форумға қатысушылар бүкіл өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Орталық Азия елдерінің күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов IV Ташкент халықаралық инвестициялық форумының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде инвестиция тарту экономиканы дамытудың негізгі факторы екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Жақында өткен Астана экономикалық форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Орталық Азияның тұрақтылығы берік, ынтымағы бекем, болашағы айқын болғанын қалайтынын ерекше атап өтті. Қазақстан Үкіметі өзара сенім мен орнықты даму рухында табысты және ұзақмерзімді жобалар құруға дайын. Инвестиция тарту – өңірдің экономикалық парадигмасының негізгі факторы. Қазақстан 2029 жылға қарай экономикаға кемінде $150 млрд көлемінде шетелдік капитал ағынын қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Бұл – ауқымды әрі барынша биік мақсаттар, оған қол жеткізуге әбден болады. Ол үшін ұлттық экономиканы құрылымдық қайта құруға бағытталған ауқымды реформалар табанды түрде жүргізілуде", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазақстанда инвесторларға салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттар беру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және басқаларын қоса алғанда, икемді және жекелеген преференциялар беріледі. Ірі инвесторлармен басым салалардағы жобаларды жүзеге асыру үшін 25 жылға дейін заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін Инвестициялар туралы келісімдер жасалады. Дайын инфрақұрылыммен жабдықталған, сондай-ақ салықтық және кедендік жеңілдіктер беретін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жұмыс істейді. "Астана" халықаралық қаржы орталығында бизнесті жүргізу үшін бірегей жағдай жасалған. АХҚО базасында ағылшын құқығы юрисдикциясының болуы заңды рәсімдердің ашықтығына кепілдік береді.
Сонымен қатар ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, энергетика мен логистикадағы өңірлік әріптестікті тереңдету, маңызды пайдалы қазбалар саласын дамыту, сондай-ақ цифрландыру және орнықты өсуді қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Энергетика саласында трансшекаралық жобаларды бірлесіп іске асыру, "жасыл" энергияны өндіру мен беру процесін қоса алғанда, өңір елдері арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары аталды. Сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға назар аударылды. Цифрлық инфрақұрылымды трансформациялау және аса маңызды салаларға оның ішінде, деректер орталықтарын, трансұлттық талшықты-оптикалық желілер тарту, суперкомпьютерлік қуаттарды және жасанды интеллект экожүйесін дамытуды қоса алғанда, ұзақмерзімді инвестициялар тарту қажеттігі атап өтілді.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен өткен пленарлық отырыста тұрақты даму, инвестициялар және өңірлік әріптестік стратегиялары талқыланды. Форумда Болгария Президенті Румен Радев, Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Нокергулы Атағұлыев, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Александр Новак, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, БРИКС елдері банкінің президенті Дилма Руссефф сөз сөйледі. Сонымен қатар іс-шараға премьер-министрлер, халықаралық ұйымдардың, жаһандық корпорациялар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.