WWDC 2025 жыл сайынғы конференциясында Apple компаниясы жаңа iOS 26 операциялық жүйесін ресми түрде таныстырды. Бұл жүйе жай ғана жаңарту емес, бүкіл экожүйенің дизайнына төңкеріс әкелген толыққанды жаңа дәуірдің бастамасы ретінде бағалануда. Бұл туралы apple.com сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Көп жылдан бері алғаш рет Apple өз өнімдерінің визуалды тілін түбегейлі қайта қарастырып, «Сұйық әйнек» (Liquid Glass) деп аталатын жаңа дизайн тұжырымдамасын ұсынды. Бұл тәсіл компанияның барлық платформаларын – iOS 26, iPadOS 26, macOS Tahoe 26, watchOS 26 және tvOS 26 – бір стильге біріктіреді.
Сондай-ақ Apple операциялық жүйе атауын белгілеу жүйесін өзгертіп, дәстүрлі реттік саннан бас тартты. Бұрын iOS 18-ден кейін iOS 19 шығуы тиіс еді, бірақ енді жүйелер шығарылған жылмен белгіленетін болды – мысалы, iOS 26, яғни 2026 жылғы нұсқа. Бұл қадам бағдарламалық қамтамасыз етудегі жаңа дәуірдің басталғанын білдіреді.
«Сұйық әйнек» – жаңа дизайн философиясы
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – Liquid Glass, яғни «Сұйық әйнек» концепциясы. Бұл интерфейс дизайнының революциялық бағыты, шынайы әйнектің оптикалық қасиеттерінен шабыт алып жасалған. Ол тереңдік пен мөлдірлікті, сондай-ақ қолданушы қозғалысы мен жарыққа икемделетін динамикалық әсерлерді біріктіреді.
Бұл – компания тарихындағы ең ірі дизайн жаңаруы. Liquid Glass болашақтағы жаңа қолданушы тәжірибесінің негізін қалайды және әрбір әрекетті сиқырлы әрі жағымды етеді, – деді Apple-дің интерфейс дизайны жөніндегі вице-президенті Алан Дай.
iOS 26 жүйесінің бета-нұсқасы әзірлеушілерге қолжетімді. Ал көпшілікке арналған нұсқасы 2025 жылдың қыркүйек айында жарық көреді. Жүйе iPhone 11 және одан кейінгі құрылғыларда қолжетімді болмақ.