Бұған дейін қазақстандық боксшының Олимпиада әрі әлем чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевты бірінші раудта тоқтатқаны туралы жазған едік.
Онда өзбек боксшысының қабағы жарылып, жарысты жалғастыру мүмкіндігі болмағаны жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Десе де, Өзбекстан бокс федерациясы Эйндховен қаласында өткен Eindhoven Box Cup халықаралық турнирінің финалындағы нәтижені "түсініксіз шешім" деп бағалап отыр. Олардың сөзінше, жарақат алған өзбек емес, қазақ боксшысы екен. Ресми ұйым қазақстандық Абылайхан Жүсіпов пен өзбекстандық Асадходжа Муйдинходжаев жекпе-жегіне қатысты өз ұстанымын былайша жария етті.
– 70 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық жекпе-жек бірінші раундтан кейін тоқтатылды. Қазақстандық боксшы жарақат алып, кездесуді жалғастыра алмады. Тең өткен раунд төрешілердің түсініксіз шешімімен аяқталып, 2:3 есебімен жеңіс Қазақстан өкіліне берілді, – делінген федерация таратқан мәліметте.
Еске салайық, аталған турнирде төрешілер шешімімен Абылайхан Жүсіпов жеңіп, алтын медаль иеленген еді.