Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек саласын цифрландыру туралы айтты. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру үшін сала министрлігі 10 бағыт бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде еңбек қауіпсіздігін қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі, деп хабарлайды Egemen.kz аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап .
«2024 жылы жазатайым оқиғалардан 1408 адам зардап шекті, оның ішінде 202 адам қайтыс болды. 445 мыңнан астам жұмыс орны әлі де зиянды немесе қауіпті деп саналады. 15 976 азамат кәсіптік еңбек ету қабілетінен айрылған: оның ішінде кәсіптік аурулар бойынша – 8 204 және өндірістік жарақаттар бойынша – 7 771 адам. Бұл сандар еңбекті қорғау саласындағы тәсілдерді одан әрі жүйелі жаңарту қажеттігін айғақтайды», деді Светлана Жақыпова.
Министр ведомство ресми бақылаудан тәуекелдерді басқаруға көшуге, профилактиканы күшейтуге және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған шаралар туралы хабардар етті.
Ең алдымен, тәуекелге бағдарланған қадағалауды дамыту және еңбекті қорғауды цифрландыру. 2024 жылдан бастап 80 көрсеткіш негізінде өндірістік тәуекелдердің деңгейі жоғары кәсіпорындарды автоматтандырылған режимде айқындауға мүмкіндік беретін Еңбек тәуекелдерінің картасы енгізілді, оның 23-і еңбек жағдайларына негізделген.
«Осы ақпараттық жүйені енгізу басталғаннан бері жоғары тәуекел аймағынан 3 мың кәсіпорын шығарылып, 90 мыңнан астам қызметкер қамтылды. Тәуекел деңгейі жоғары кәсіпорындар саны 2 589-дан 1 799-ға дейін қысқарды. Еңбек тәуекелдерінің картасы ықтимал бұзушылықтардың себептерін жоюда жұмыс берушілерді қолдауға күш салу арқылы инциденттік ден қоюдан проактивті профилактикаға көшуге мүмкіндік берді», деп атап өтті министр.
Екінші – еңбек жағдайларын жақсарту. Қазіргі уақытта еңбек жағдайларын мерзімді өлшеуді (айына, тоқсанына, жылына бір рет) әртүрлі уәкілетті органдар – Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі (өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлігінде) жүргізеді. Алайда, бұл өлшемдер фрагменттік сипатта болады, ведомстволар арасында шашыраңқы және біртұтас көріністі қалыптастыруға мүмкіндік бермейді.
«Еңбек жағдайларын эпизодтық өлшеу жүйесінен зиянды және қауіпті жұмыс орындарына баса назар аудара отырып, үздіксіз цифрлық мониторинг жүргізуге көшу ұсынылады. Техникалық тұрғыдан бұл «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылған датчиктерді енгізу арқылы жүзеге асады», деп жалғастырды Светлана Жақыпова.
Үшінші – өндірісте зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру. 2024 жылдан бастап кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу бойынша сақтандыру төлемдерін тағайындау кезінде қызметкердің кінәсін есепке алу жойылды. 2015 жылғы мамырдан кейін еңбек ету қабілетінен айырылған қызметкерлерге тең көзқарасты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мақсаты – сақтандыру жағдайы басталған күн бойынша кемсітушілікті жою. Мәселе ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, ҚР Қаржы министрлігімен және жұмыс берушілер бірлестіктерімен бірлесіп пысықталып жатыр.
Төртінші – зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерді қолдау. 2024 жылдан бастап 55 жасқа толған және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жүйесіне кемінде 7 жыл қатысқан адамдар үшін арнайы төлемдер енгізілді. Зиянды жағдайларда еңбек еткен, бірақ МКЗЖ-да ресми расталған тәжірибесі жоқ адамдарды қамту қарастырылып жатыр.
«Сонымен қатар, қауіпті аймақтардағы жұмысшылар санын оңтайландыру кезінде жұмыс көлемін міндетті стандарттау бойынша тәсілдер әзірленіп жатыр. Бұл жұмысшыларды өндірістік тәуекелдердің жасырын өсуінен қорғайды. Зиянды немесе қауіпті аймақтардағы жұмысшылар санының кез келген қысқаруы рұқсат етілген жүктемелер мен орындалатын жұмыс көлемдерінің нормативтік негіздемесімен сүйемелденуі керек», деп хабарлады Еңбек министрлігінің басшысы.
Бесінші – ұжымдық шарттар мен әлеуметтік әріптестік туралы келісімдерді цифрландыру. Министрлік жобаны дайындаудан бастап қол қоюға және қызметкерлерді хабардар етуге дейінгі барлық циклды қамтитын электрондық ұжымдық шарттар жүйесін енгізді. Салалық және негізгі келісімдерді қоса алғанда, шарттардың цифрлық форматына көшу барлық деңгейдегі еңбек жағдайларының ашықтығы мен бірыңғай стандартын қамтамасыз етеді.
Алтыншы – кәсіподақтар институтын нығайту. Халықаралық тәжірибе еңбекті қорғау талаптарының сақталуын күнделікті бақылауда кәсіподақ ұйымдары маңызды рөл атқаратынын дәлелдейді.
«Бұл рөлді күшейтуде Кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орны құрылды, аталған жүйе еңбек жағдайлары туралы ақпаратқа қол жеткізуді және бұзушылықтарды жедел тіркеуді қамтамасыз етеді. Бұл кәсіпорын деңгейінде ағымдағы бақылау функцияларын жүзеге асыруға, қоғамдық бақылаудың рөлін күшейтуге және мемлекеттік қадағалаудың формализмін азайтуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Жетінші – кәсіпорынның цифрлық бейінінің моделі әзірленіп жатыр, ол еңбекті қорғаудың барлық параметрлерін жеке қорғаныс шарттары мен құралдарынан кепілдіктер мен өтемақыларға дейін қамтиды. Мақсаты – еңбек құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету.
«Жұмыс мына бағыттарға байланысты бизнес-процестерді автоматтандыруды қоса алғанда, еңбекті қорғау саласындағы процестерді толық цифрландырумен сүйемелденетін болады: жұмыс орындарындағы жағдайларды бағалау және өзектендіру; жеке қорғану құралдарын ұсыну; зиянды жағдайларда жұмыс істегені үшін кепілдіктер мен өтемақыларды іске асыру; Кәсіпорындардың цифрлық картасында еңбекті қорғау жай-күйінің түйінді параметрлерін қамтитын кәсіпорынның цифрлық бейінін қалыптастыру. Мұндай жүйе тәуекелдерді ерте анықтауға, алдын алу жұмыстарын жүргізуге және еңбек жағдайларының өзгеруіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді», деді министр.
Сегізінші – мемлекеттік бақылауды жетілдіру. Оған: жұмыс берушінің тексеру туралы міндетті хабарламасының күшін жою; мемлекеттік инспекторларға өмірге қауіп төнген кезде жұмысты тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктерді беру; жоспардан тыс тексерулер кезінде шектеу тексеру парақтарынан бас тарту ұсынылады.
Бұл бастамалар ресми тәсілді жоюға және инспекциялық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған. Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер келісу сатысында.
Тоғызыншы – реттеуші кедергілерді жою.
«Кейбір жағдайларда еңбекті қорғауды қамтамасыз ету тетіктері жедел ден қоюды және шұғыл шешімдер қабылдауды талап етеді. Бұл ретте, реттеушілік әсерді міндетті талдауға және «Атамекен» ҰКП-мен келісуге қатысты Кәсіпкерлік кодекстің жекелеген ережелері жедел ден қою мүмкіндігін шектейді. Министрлік қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда рәсімдерді құқықтық оңтайландыру бойынша ұсыныстар дайындады.
Жоспардан тыс тексерулер кезінде тексеру парақтарын пайдалану жеке мәселе болып табылады. Біз оларды жоспарлы тексерулерде қолдану қажеттілігімен бөлісеміз, бірақ қызметкерлер мен кәсіподақтардан өтініштер түскен жағдайда мұндай тәжірибе Мемлекеттік еңбек инспекторларының әрекеттерін шектейді. Егер қызметкер көрсеткен бұзушылық бекітілген тексеру парағына енгізілмесе, инспектордың шара қолдануға құқығы жоқ. Барлық жағдайларды тексеру парақтарымен қамту мүмкін емес. Осыған байланысты тиісті түзетулер дайындалды», деді Еңбек министрлігінің басшысы.
Оныншы – халықаралық ынтымақтастықты дамыту және Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) стандарттарын енгізу. ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбоның Қазақстанға сапары барысында елімізде ХЕҰ-ның жобалық кеңсесін ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы базасында ХЕҰ-ның Турин оқу орталығының филиалын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл: шетелге шығудың қажеттілігінсіз еңбек қауіпсіздігі жөніндегі мамандарды жүйелі және сапалы даярлауды ұйымдастыруға; озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, ұлттық кадрлардың біліктілігін арттыруға; әлеуметтік әріптестер, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдар арасындағы институционалдық байланыстарды нығайтуға; Орталық Азиядағы еңбекті қорғау саласындағы құзыреттердің өңірлік орталығы ретіндегі Қазақстанның рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, «Шахталардағы қауіпсіздік туралы» №176 Конвенцияны ратификациялауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сөз соңында Светлана Жақыпова Еңбек министрлігі еңбекті қорғаудың заманауи, әділ және тиімді жүйесін құруға бағытталған Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларын орындауды жалғастыратынын баса айтты.