Маңғыстауда кен орнындағы апаттан кейін ауадағы метан мөлшері шектен асты

Жаңалықтар

8 маусым күні Маңғыстау облысындағы " Толқын " кен орнында төтенше жағдай тіркелді.

Varro Operating Group ЖШС-не қарасты №57 ұңғымадан газ бен су атқылап шыққан, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Апат салдарынан атмосфералық ауада метан газының шекті мөлшерден асып кеткені анықталды. Бұл туралы облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев мәлімдеді.

– Зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары оқиға орнына барып, қажетті өлшемдер жүргізді. Қазіргі таңда газ бен судың атқылауы тоқтатылды. Дегенмен, аумаққа жасалған аспаптық мониторинг нәтижесінде метанның шекті рауалы концентрациядан асқаны тіркелді, – деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, экологтардың қорытындысы прокуратураға жолданған. Енді бақылаушы орган оқиғаға байланысты қосымша тексеру жүргізіп, заң аясында тиісті шара қабылдауы қажет.

Ал тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақ мұндай апаттардың жиілеуін тиісті бақылау мен алдын алу шараларының әлсіздігімен байланыстырады.

– Бұл жағдай мемлекеттің өндірістік нысандарды бақылаудағы осалдығын көрсетеді. Уақтылы профилактикалық шаралар жүргізілмеген. Тек экология департаменті емес, төтенше жағдайлар қызметі де жүйелі түрде мониторинг жүргізуі керек. Сонымен қатар, ашықтықты қамтамасыз етіп, міндетті түрде тәуелсіз сарапшыларды тарту қажет. Себебі қауіп тек қоршаған ортаға емес, адамдардың өмірі мен денсаулығына да тікелей әсер етеді, – дейді ол.

Экологтың айтуынша, бұған дейін де "БузачиОперейтинг" компаниясында адам өлімімен аяқталған оқиға тіркелген. "Сол қайғылы жағдай да сабақ болмағаны өкінішті", – дейді ол.