Мұны Астана қаласы әкімінің өзі айтып отыр.
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, LRT ресми түрде 2026 жылдың 1-тоқсанында іске қосылуы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әкім бұл туралы тілшілердің сұрағына жауап беру барысында тоқталып өткен.
– Жалпы, жаздың соңына дейін пойыздардың бәрі қалаға жеткізіледі. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады және күздің басында пилоттық режимде іске қосу және жөндеу жұмыстарын бастаймыз. 3-тен 6 айға дейін уақыт керек. Біздің жоспарымыз бойынша келесі жылдың 1-тоқсанында бұл көлік ресми түрде жұмысын бастайды, – деді ол.
Бұған дейін, яғни 30 мамырда Ақордада БАҚ өкілдері бірінші вице-премьер Роман Склярдан "LRT қашан пайдалануға беріледі?" деп сұраған болатын. Сонда ол қаржыландырудың өз деңгейінде екенін, жуырда тестілік режимде іске қосу жүргізілетінін жеткізіп, LRT ресми түрде келесі жылдың соңында жұмысын бастайтынын айтқан-ды.
Айта кетейік, 24 мамыр күні Қытайдың Таншань қаласынан Астанаға арналған LRT вагондарының алғашқы екі құрамы жөнелтілді. Ондағы зауытта жоба аясында барлығы 19 бірлік жылжымалы құрам жасалмақ.
Заманауи әрі төрт секциялы, жүргізушісіз жүретін, автоматтандырудың төртінші деңгейіндегі вагондардың әрқайсысы 650 жолаушыны сыйдыра алады.