"Туризмнің кері әсері": Алматының тауларын пластик қалдықтар қаптады

Жаңалықтар

Алматының таулары экологиялық дағдарыс алдында тұр. Дүниежүзілік зерттеу өте өзекті мәселені көрсетті.

Таза ауа, орман соқпақтары, мұздықтар мен бұлақтар. Бұл Алматынының нағыз жұмаққа айналған табиғаты. Алайда дәл осы табиғи үйлесім бүгінде үлкен қауіп алдында тұр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Steppe басылымы хабарлағандай, оның басты себебі — пластик. Оны тауға жеткізетін туристер, Салдарынан ауа арқылы таралып, қолжетімсіз жерлерде жиналады. Ондаған жылдар бойы шірімей сақталып қалады. Уақыт өте келе бұл қалдықтар микробөлшектерге айналып, көзге көрінбесе де, адам мен табиғатқа орасан зиянын тигізеді.

Таулы аймақтар экожүйенің ең осал бөлігі. Бұл жерлерде қоқыс шығаруды ұйымдастыру қиын, инфрақұрылым жетіспейді, ал ластануды бақылау жүйесі мүлде жоқ деуге болады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, дәл осындай аймақтар қалдықтарды басқарудың стандартты жүйелері үшін «соқыр нүктелерге» айналып отыр. Алматы да өзінің биік таулы маршруттары мен туристер ағыны арқылы осы проблеманың алдыңғы шебінде тұр.

Қазақстан қандай шешім қабылдайды?

3 маусымда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған пресс-тур өтті. Шараны БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) мен Базель, Роттердам және Стокгольм конвенцияларының хатшылығының қолдауымен «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығы өткізді. Турдың басты мақсаты таулы аймақтардағы пластикпен ластану проблемасына назар аудару.

Іле-Алатау ұлттық паркінде орналасқан Аюсай визит-орталығы ерекше назарға ілікті. Бұл қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу бойынша алғашқы пилоттық алаңдардың бірі. Мұнда пластик, қағаз, әйнек пен алюминийді бөлек жинауға мүмкіндік беретін инфрақұрылым орнатылған. 2024 жылдың наурызынан 2025 жылдың мамырына дейінгі аралықта мынандай қалдықтар жиналған:

• 4263 кг пластик;

• 3275 кг макулатура;

• 771 кг алюминий;

• 367 кг әйнек.

Жиналған қалдықтар қайта өңдеу зауытына жіберілді. Олардан құбырлар, көше сыпырғыштар мен тұрмыстық заттар жасалмақ.

Неге маңызды?

Пластик ешқайда жоғалмайды, сіңіп кетпейді. Ол тек бір күйден екінші күйге ауысады, яғни бөтелкеден микробөлшекке, орамадан қар қабатына. Таулы аймақтарда орталықтандырылған қалдық шығару жүйесі болмағандықтан, олар пластиктің соңғы аялдамасына айналады. Сондықтан Аюсайдағы жұмыс гидтерді оқыту, жабдық орнату, туристермен байланыс орнату бүкіл елге үлгі бола алатын модель ретінде қарастырылуы мүмкін.

Қазақстан 2030 жылға қарай қалдықтардың 50%-ын қайта өңдеуді мақсат етіп отыр. Бұл процестен таулы аймақтар тыс қалмауы тиіс. Керісінше, дәл осы «көзге көрінбейтін» нүктелерден көрінетін экологиялық өзгерістер басталуы мүмкін.