Елордада «BAIQONYR RUN» жеңіл атлетикалық жарысы аяқталды

Жаңалықтар

Елордада «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында «BAIQONYR RUN» жеңіл атлетикалық жарысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жарыс қалалық әкімдік пен спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының бірлесуімен өткізілді. Қатысушылар «Алатау» спорт кешені маңындағы аумақта 4 шақырым қашықтыққа жүгірді. Спорттық шараға 500-ден астам адам қатысты, олардың қатарында 10 жастан асқан балалар мен ересектер болды.

Қатысушыларға естелік медальдар табысталды. Жарыс аяқталғаннан кейін 10 велосипед ұтысқа тігілді.

Жарыстың мақсаты – Астанада өтіп жатқан есірткіге қарсы акция аясында әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау. Біз олардың шылым шегу және зиянды заттарды қолдану секілді теріс әдеттерден аулақ болуына, спортқа бет бұруына жағдай жасағымыз келеді. Өкінішке қарай, бүгінде жастар арасында мұндай зиянды әдеттер жиі кездесіп жатады, ал біз бұған қарсы тұруымыз керек, — деді елордадағы спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

«Астана – есірткісіз қала» акциясы жыл басында бастау алған. Осы уақытқа дейін оның аясында 300-ден астам іс-шара өткізілді. Тек өткен аптада ғана жаппай велошеру ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, тағы 100-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.