Әлем чемпионатының жүлде қоры 500 000 еуроны құрайды.
2025 жылғы 10-16 маусымда Лондонда өтетін рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатына 55 команда қатысады.
Лондонға KazChess/ҚШФ тарапынан екі команда барады, — деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі. KazChess командасы бас тәжірибе мен өршіл жастықтың үйлесімі деуге болады: Алдияр Аңсат, Меруерт Камалиденова, Қазақстанның жаңа чемпионы Елназ Калиахмет және әуесқой ойыншы Дәрмен Дәуренмен бірге KazChess/ҚШФ бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, сондай-ақ жұлдызды легионерлер – Дин Лижэньнің чемпион атануына шешуші үлес қосқан Рихард Раппорт "Иранның Каспаровы" деп аталатын Пархам Магсудлу, Андрей Есипенко және Александр Грищук жарысқа түседі.
Barys.kz командасы – бұл Қазақстанның жаңа чемпионы Қазыбек Нөгербек, Денис Махнёв, Әлішер Сүлейменов, Эдгар Мамедов, Жандос Ағманов, ерлер құрамасының бас бапкері Әнуар Есмағамбетов, Ксения Балабаева, Әмина Қайырбекова және әуесқой шахматшы Сүлеймен Нұрақын.
Сонымен қатар жарысқа қатысатын Rookies командасында юниорлар құрамаларының бас бапкері Евгений Владимиров жетекшілігік ететін шетелдік жас дарын иелері – Реад Самедов, Шреяс Ройял мен Роман Шогджиев, сондай-ақ өзіміздің таланттар – Даниял Сәпенов, Иманғали Ақылбай, Алуа Нұрман, 18 жасқа дейінгілер арасындағы рапид пен блицтен әлем чемпионы Ерғали Сүлеймен, Зарина Нұрғалиева және Ислам Айтен бар.
Алайда Лондондағы жарысқа қатысатын қазақстандықтардың тізімі олармен шектелмейді. Айталық, Ринат Жұмабаев бір жыл бұрынғы сайыстағыдай Сингапурдың Theme International Trading Theme командасының сапында күш сынасады. Польшаның Hetman GKS Katowice командасының құрамында Динара Сәдуақасова ойнайды деп мәлімделді. Динара үшін бұл 2023 жылдың қазанында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындарынан кейін осындай бірінші жарыс болмақ. Ал Malcolm`s Mates командасының намысын қорғаушы ретінде Ұлыбританияда білім алып жатқан Ақтаулық әуесқой шахматшы Мұрат Омаров қатысатын болды.
Сонымен, 10 маусымда Novotel London West қонақ үйінің конференц-залында рапид пен блицтен 2025 жылғы командалық әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Ал келесі күні онда шахмат жарысы басталады. Атап өтетіні, рапидте де, блицте де "командаға қарсы команда" матчтары алты тақтада ойналады. Соның ішінде әйел (5-ші тақта) және рейтингі 2000-нан төмен әуесқой ойыншы (6-шы тақта) міндетті түрде қатысуы керек. Команда капитаны ойынға қатысушы бола алады.
Рапидтен 2025 жылғы командалық әлем чемпионаты 11–13 маусымда өтеді және "15+10" уақыт бақылау нұсқасы (партияға 15 минут беріледі және әр жүріс үшін біріншісінен бастап 10 секунд қосылады) бойынша швейцариялық жүйе бойынша өтетін 12 раундтан тұрады.
Блицтен 2025 жылғы әлем чемпионаты 14–15 маусымда екі кезеңмен өтеді: бірінші кезеңде командалар 7-8 командадан тұратын топтарда айналма жүйе бойынша ойнайды. Үздік шыққан 16 команда екінші кезеңге (плей-офф) өтеді де, содан кейін ұтылған команда ойыннан шығатын нұсқада жарысқа түседі: 1/8 финал à ширек финалà жартылай финал à финал. Уақыт бақылау: "3+2".
Турнирдің жалпы жүлде қоры 500 000 еуро, €310 000 рапидке, соның ішінде €110 000 – жеңімпаз командаға, және €190 000 – блицке, соның ішінде €75 000 – жеңімпаз командаға табыс етіледі. Кубоктар мен ақшалай сыйлыққа қоса, әр санаттағы үздік үш команданың мүшелері алтын, күміс және қола медальдарға ие болады.
Қос чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі, сондай-ақ жабылу салтанаты 15 маусымда өтеді.