Қуандық Бишімбаев балаларына төлейтін алимент мөлшерін азайту туралы сотқа өтініш түсірді.
Алайда Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл талапты қанағаттандырудан бас тартты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сот отырысында Бишімбаев пен оның бұрынғы жұбайы Назым Қахарман арасындағы 2020 жылы жасалған нотариалдық келісім қаралды.
Келісімге сәйкес, Қуандық Бишімбаев 3 кәмелетке толмаған баласын асырау үшін ай сайын әр айдың 20-сына дейін 1,6 миллион теңге көлемінде алимент төлеуге міндеттелген.
Бишімбаев соттан алимент мөлшерін азайтуды сұрады. Ол жазасын өтеп жатқанын және табысы жоқ екенін алға тартты. Сонымен қатар, келесі тармақтарды келісімнен алып тастауды ұсынды:
- балаларының кәмелетке толғаннан кейінгі оқуына байланысты қосымша шығындарды өтеу;
- медициналық тексеріс пен емделуге кететін шығындарды төлеу;
- жылына кемінде бір рет Қазақстанда немесе шетелде демалуына байланысты шығындарды (тұру, көлік, сақтандыру, тамақ және өзге де ілеспе шығындар) өтеу.
Сот талапты қарастыра келе, келісімге өзгеріс енгізуге негіз жоқ деген шешім шығарды.
– 2024 жылдың тамызында талапкер өз мүлкін үшінші тұлғаларға сыйға беру арқылы өзінің материалдық жағдайын әдейі нашарлатқаны анықталды. Ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылғанына және табыссыз отырғанына қарамастан, алимент төлеу міндетін өз иелігіндегі мүлік арқылы өтеуге нақты мүмкіндігі болған. Бұл жағдай талапкердің адал емес әрекеті ретінде бағаланды. Балалардың құқығы мен мүддесін ескере отырып, сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартты, – деп мәлімдеді сот.
Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.