Ресей Украина астанасына соққы жасады

Жаңалықтар

Қайтыс болғандар мен жаралылар болғандықтан, ел бойынша әуе дабылы жарияланды.

Шабуыл туралы ақпаратты inbusiness.kz сайты "Украинская правда" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, зымыран мен соққыдан азаматтық инфрақұрылым нысандары, тұрғын үйлер, автокөліктер және метро жолдары, т.б. зақымданған. 4 адамның қаза тауып, 20-дан аса адамның жарақат алғаны туралы деректер бар.

Киев қалалық әскери әкімшілігі сағат 05:00-дегі жағдай бойынша, ауқымды шабуыл нәтижесінде Киевтің кемінде алты ауданы зақымдалғанын хабарлаған.

Мысалыға алсақ, Соломен ауданында 500 шаршы метр аумақтағы металл ангар өртенсе, 16 қабатты тұрғын үйдің 11-қабатын да өрт шарпыған. Шұғыл әрекет ету және шаралар барысында үш адам құтқарылып, тілсіз жау толықтай сөндірілген.

Ал Дарница ауданында атып түсірілген нысандардың қалдықтары кемінде үш жерде құлағаны белгілі болды. Екі автокөлікке зақым келген. Басқа да зардап шеккен нысандар болуы ықтимал.

Голосеево ауданында азаматтық инфрақұрылым нысанында өрт шығып отыр. Бір білім беру мекемесі зақымданған. Зымыран қалдықтары жанармай құю бекетінің маңына құлап, бір автокөлікке зиянын тигізген. Сонымен қатар, Деснян ауданындағы ашық аумақта атып түсірілген ұшқышсыз ұшу аппаратының қалдықтары да табылған.

Киев мэрі Виталий Кличко соққы салдарынан 4 адам қаза тауып, 20 адам зардап шеккенін растады. Оның айтуынша, бірнеше жерде іздестіру-құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда.