Аспан асты елінен Еуропаға бет алған саяхатшылар Қазақстан шекарасын бірінші болып кесіп, Петропавлға келіп жетті, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша, олар жергілікті мәдениетпен танысып, солтүстіктің сұлу табиғатына тамсанбақ.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Вей мен Джинчанг Ванг Бейжіңнен жолға бір ай бұрын шыққан. Олармен бірге ұзақ сапарға ата-анасы мен балалары да қосылды. Осы көлікпен 5 мың шақырымды артқа тастаған отбасы Алматыдан Петропавлға табан тіреді. Әрі қарай Ресей, Түркия арқылы Еуропаға өтпек.
Вей Ванг, саяхатшы (ҚХР):
- Бұл біздің алғашқы сапарымыз. Қазақстан өте ұнады. Табиғаты сұлу екен. Халқы да қонақжай. Қай қалада тоқтасақ та жөн сұрап, жол көрсетеді. Әлемді танып көру – көптен бері ойлап жүрген арманым еді. Оған отбасым да қолдау білдіріп, жолға бәріміз берге шықтық.
Бұл көлік ұзақ сапарға толық жабдықталған. Оның ішінде төсек-орын, ыдыс-аяқ басқа да керек-жарақтың бәрі бар. Азық-түлік қоры да жеткілік. Джинчанг Ванг осы саяхат үшін жұмысынан да шығып кеткен.
Джинчанг Ванг саяхатшы (ҚХР):
- Әрине, жол ұзақ. Балалар кейде шаршап, тоқтауға тура келеді. Ондайда көргенімізді қағаз бетіне түсіріп, сурет саламыз. Табиғат аясында тамақ пісіріп, ойын ойнаймыз. Уақытымыз осылайша қызықты өтеді.
Жаһанкез отбасы Петропавлда бір күн болды. Әлі оларға мыңдаған шақырым жүру керек. Ендігі бағыт – Ресей Федерациясы.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков