Түркістан облысында диқандар биылдың алғашқы қарбызын жинап жатыр

Жаңалықтар

Жалпы аймақтағы диқандар биыл судан таршылық болмағанын айтады .

Түркістан облысы Жетісай ауданындағы диқандар биылдың алғашқы қарбызын жинап жатыр, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.

"Бұл шаруаларға суды дер кезінде жеткізіп берудің арқасында мүмкін болды. Биылғы алғашқы қарбызымызды жөнелтуге дайынбыз. Су жақсы берілгендіктен қарбызымыз суды көп сіңіріп, жақсы өсті", – деді Түркістан облысы Жетісай ауданы Тың ауылының диқаны Қуанбай Бексұлтан.

Министрлік мәліметінше, суару маусымы басталғалы бері еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі "Қазсушар" филиалдары диқандарға 2,5 миллиард текше метрден астам су берді. Түркістан облысына 1,3 миллиард текше метр су беріліп, 276 мың гектар жер суарылды.


Оқи отырыңыз: Аптап ыстық, жел, жаңбыр: Қазақстанда 5 маусымда ауа райы қандай болады


"Жетісай ауданында 84,3 мың гектар егіс алқабын суаруға 304 миллион текше метр су жіберілді. Оның 97,5 миллион текше метрі 13 384 гектар бақша және көкөніс алқаптарын суаруға жұмсалды. Ауа райының қолайлы болып, суармалы судың ерте берілгенінің арқасында Түркістан облысының диқандары сәуір айының ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін жинады. Ал мамыр айының соңғы онкүндігінде қауынның алғашқы өнімін жинады", – делінген хабарламада.