Бүгін түстен кейін Батыс Қазақстан облысындағы Жымпиты ауылында жеке үйлердің бірінде өрт шығып, үй мүліктері мен жиһаз жанып кеткен, деп жазады Egemen.kz.
Төтенше жағдайлар департаментінің 112 пультіне суыт хабар 4 маусым күні сағат 15:03-те түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына қоңырау түскеннен кейін 5 минуттан кейін келген.
«Құтқарушылар жеткен кезде Сағырбаев көшесіндегі жеке тұрғын үйдің бірінде 30 шаршы метр аумақ ашық жалынмен жатты. Құтқарушылар бес баланы ес-түссіз күйде тапты. Өкінішке орай, балалар ауруханада қайтыс болды» деп хабарлады БҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт сөндіріліп, оқиға орнына ТЖД басшылығы, зерттеу-сынақ өрт зертханасы, анықтау бөлімі және ТЖ департаментінің психологы келген. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Кейбір ақпарат бойынша қаза тапқан – бір үйдің балалары болуы мүмкін, олардың ең үлкені 2019 жылы туған, кішісі 2023 жылы дүниеге келген.
Жантүршігерлік оқиғадан кейін облыс әкімі Нариман Төреғалиев әлеуметтік желіде қаза тапқан балалардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтты.
«Менің тапсырмам бойынша оқиға орнына орынбасарым барды, аудан әкімі оқиға орнында, барлық қажетті қызметтің жұмысын үйлестіріп жатыр. Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек – жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Жағдай менің жіті бақылауымда» деп жазды облыс әкімі.
Батыс Қазақстан облысы