Батыс Қазақстан облысында қайғылы оқиға: өрттен бір отбасының бес баласы қаза тапты

Жаңалықтар

Тілсіз жау кезінде үйде ата-анасыз қалған бес бала болған.

4 маусым күні сағат 15:00 шамасында Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында жекеменшік тұрғын үйде өрт шықты.

Өрт шамамен 30 шаршы метр аумақты қамтып, үй ішіндегі тұрмыстық заттар мен жиһаздарды жалмаған. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру қызметі балалардың мәйіттерін тапқан. БҚО Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, балалар ауруханаға жеткізілгенімен, өмір белгілері болмаған.

"Дәрігерлер барлық мүмкіндікті қарастырды, өкінішке қарай, балалардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады", – делінген басқарма мәлімдемесінде.

Қайтыс болған балалардың жастары – 6, 5, 4, 3 және 2-де болғаны нақтыланды. Өрт сағат 15:56-да толықтай сөндірілді.

Аудан әкімдігі таратқан ақпаратқа сәйкес, отбасы бұл үйді жалға алып тұрған. Қайғылы оқиға орын алған сәтте балалардың ата-анасы жұмыста болған: әкесі – жергілікті бос уақыт орталығында шаруашылық меңгерушісі, анасы – ауыл дүкенінде сатушы қызметін атқарған.