Көлікті мас күйінде басқарған қала тұрғыны сотталды

Жаңалықтар

Көлікті мас күйінде басқарып жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін қала тұрғыны сотталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұған дейін мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған тұлға ойын-сауық мекемесінде алкогольдік ішімдік ішіп, қайта мас күйінде рөлге отырған. Бұған дейін сот қаулысы негізінде сотталған адам ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған.

Кінәлі өзінің жүргізуші куәлігінен айырылғандығын біле тұра, көлікті алкогольдік масаң күйде айдап, қарсы бағытқа шығып, басқа көлікпен соқтығысқан.

Сот үкімімен кінәлі тұлға ҚК-нің 346-бабының 2-бөлігі бойынша өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырыла отырып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Үкім заңды күшіне енді.