Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Астанадағы жалпы білім беретін мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының жазғы лагерьлерінде ауқымды патриоттық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, қаланың 92 мектебі мен 13 қосымша білім беру орталығының қатысуымен өткен бұл іс-шара аясында 10 000-нан астам бала бір мезетте Мемлекеттік әнұранды орындады.
Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Әнұран шырқау рәсімі балалардың өз Отанына деген мақтаныш сезімін оятып, біріктіруші рух берді. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақты азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады, — делінген мәліметте.
Айта кетейік, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні, бұл мереке 2007 жылдан бері ресми түрде аталып өтеді. Бұл күн – Елтаңба, Ту мен Әнұран сынды тәуелсіздігіміздің нышандарын құрметтеудің жарқын көрінісі.