Биылғы оқу жылында мектеп құрылысы рекордтық межеге жетті

Жаңалықтар

Былтыр қыркүйекте 352 мың балғын мектеп табалдырығын аттаса , биыл 217 мың жас түлек алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қанат қақты, деп хабарлайды 24kz.

Бұл жыл санап мектептегі оқушы саны артып келе жатқанын көрсетеді. Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша 2027 жылға қарай елде мектептегі орын тапшылығы бір миллионға жуықтауы мүмкін.

Сол себепті кейінгі жылдары елде мектеп құрылысы қарқын алды. Оның ішінде халқы көп аймақтарда көптеп тұрғызылып жатыр. Ал биылғы құрылыс көлемі рекордтық межеге жетті.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» негізінен халық тығыз қоныстанған өңірлерде жүзеге асып отыр. Яғни, оңтүстік өңірлер мен мегаполистерде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қазір елде 8 мың мектеп бар. Онда 4 миллионға жуық бала білім алады, 412 мың педагог ұстаздық қылып жүр. Биылғы оқу жылында мектеп құрылысы рекордтық межеге жетті. Ел көлемінде 257 жаңа мектеп ашылды. Мұның ішінде 105 «Келешек мектебінің» құрылысы аяқталды. Жалпы жоба аясында 217 заманауи білім ұясын тұрғызу жоспарланған. Қалған 112 мектеп биылғы жыл соңына дейін есігін айқара ашады.

Жайық Мақсұтов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы:

- Негізі бұл әкімдіктің ұсыныстарына сәйкес талдау жүргізілді. Яғни, осы оқушы орны тапшы ең басты өңірлер іріктелді. Осы біздің ең басты республикалық маңызы бар 3 қала – Шымкент, Алматы және Астана қалаларында. Сонымен қатар Түркістан, Алматы облысы сияқты үлкен облыстар. Осы өңірлерде негізгі барлық мектептің 50%-ке жуығы салынып жатыр.

***

Үш ауысымды мектеп болмайды

Министрлік өкілінің айтуынша, 217 мектептің құрылысына 1,5 трлн теңге қарастырылған. 2023 жылдан бері тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Жаңа білім ордаларының арқасында 460 мың оқушы біліммен қамтылады. Бұл мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде бой көтереді. Ол ауылдарда 200 мыңнан астам бала бар. Яғни, ауылдың қара домалақтары да заманауи үлгіде жабдықталған білім ұясында білім алады. Мектеп ғимараттарының аумағы типтік жобаларға қарағанда 15-20%-ке үлкен. Ал материалдық-техникалық базасы 4 есе артық. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Жоба елдегі қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюды көздейді.

Жайық Мақсұтов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы:

- 2021 жылы талдау жүргізген болатынбыз, оқушылар орындарының тапшылығына сәйкес. 2027 жылға қарай негізгі оқушы орны тапшылығы 1 миллионға жуық құрайтын. Яғни, осы оқушы орнының тапшылығын алдын алу үшін осы жайлы мектеп іске асырылып жатыр. Осы жоба аясында оқушы орындарының тапшылығы және 3 ауысымды мектептердің мәселесі шешіледі деп күтіп отырмыз. Яғни, осы ұлттық жоба басталғаннан бері қазіргі таңда 3 ауысымды мектептердің саны 2 есеге азайды.

***

Үш жылда 1231 мектеп жаңғыртылады

Жоба аясында жергілікті өндірісті қолдауға көңіл бөлініп отыр. Яғни мектеп құрылысына пайдаланып отырған материал мен жиһаз – отандық өндірушілердің өнімі. Жалпы кейінгі жылдары мыңдаған ауыл мектебінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 1700-ге жуық мектепте робототехника, химия, биология, физика және STEM пәндер бойынша заманауи пәндік кабинеттер жабдықталды. Алдағы уақытта елдегі мектептерде ауқымды жаңарту жұмыстары басталмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үш жылда 1231 мектепті жаңғырту көзделген. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерлерде орналасқан.

Жайық Мақсұтов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы:

- Негізгі айта кететін жайт, осы жерде, барлық салынған мектептердің негізгі жобалары, олар осы құрылыс бойынша құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамаларды жасақтайтын, яғни, банк бар. Сол жерде негізгі осы жобалар орналастырылды. Алдағы уақытта егер әкімдіктер өз қаражаты есебінен мектеп салу туралы ниет білдірсе, олар осы дайын тұрған жобаларды алып, қолдана берсе болады.

***

«Келешек мектептерінің» мұғалімдері тестілеу арқылы іріктеледі

«Келешек мектептерінде» ерекше балалардың жағдайы барынша ескеріледі. Яғни, жеке санитарлық бөлмелері бар оқу кабинеттері қарастырылған. Ғимарат ішінде арнайы белгілер қойылып, жеделсаты, пандустар орнатылады. Сондай-ақ психолог, логопед және дефектолог кабинеттері қажет құрылғымен жабдықталмақ. Бұдан бөлек, министрлік «Келешек мектептеріне» кадр таңдауда цифрлық жүйеге жүгініп отыр. Мамандар арнайы платформада тестілеуден өтеді. Бүгінде 600-ге жуық маман іріктелді. Ал мектеп директоры осы жүйеге кіріп, қажет маманды таңдай алады.