Қостанай қаласындағы Қобыланды батыр және Киевская көшелерінің қиылысында орналасқан қойма аумағында құрылыс қалдықтары өртенді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жақын маңдағы ғимараттарға оттың таралу қаупі туындады. Оқиға орнына шұғыл жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері үйлесімді әрі кәсіби іс-қимыл көрсетіп, өрттің қойма ғимаратына таралуына жол бермеді. Өртпен күреске ТЖД-ның күштері мен құралдары толық жұмылдырылып, оқиға орнында жедел штаб құрылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт 300 шаршы метр аумақты қамтыған. Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру үшін су төгу жұмыстары жалғасуда. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда, — деп жазылған министрлік мәліметінде.