"Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығына Украинадан бір топ бала жазғы демалыс пен оңалтудан өту үшін келді .
Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Орталықтың мәліметінше, "Балдәурен" халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтіп, шетелдік балаларды қабылдау арқылы мәдени байланыстарды дамытуға айрықша назар аударып отыр. Мұнда балалардың демалысын ұйымдастыру бойынша мол тәжірибе жинақталған.
– Орталық қызмет еткен жылдар ішінде әлемнің 15 елінен келген балалар демалды. Соңғы үш жылда біз ТМД елдері, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерден 700-ден астам баланы қабылдадық. 3 маусымда Украинадан келген балалар тобы Қазақстанға келді. Олар үшін арнайы танымдық-мәдени бағдарлама әзірленді. Атап айтқанда, балалар "Бурабай" ұлттық паркінде серуендеп, Астана қаласының көрікті орындарын аралайды, – делінген ресми хабарламада.
Орталықтың айтуынша, мұндай сапарлар балалардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, мәдениетаралық түсіністік пен өзара құрметті нығайтуға, халықтар арасындағы достықты тереңдетуге ықпал етеді.
– Балалық шақ – бақыт мекені. Оны қорғау мен дамыту – баршаға ортақ міндет. Қазақстан әр елден келген жас қонақтарға құшақ жая отырып, достық пен сенімге, өзара құрмет пен адамзаттық құндылықтарға негізделген болашақ ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосып келеді, – дейді орталық өкілдері.