Алматы облысында алаяқтар әшкереленді: қымбат көліктер мен пәтерлерге тыйым салынды

Жаңалықтар

ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті Amanat Drive атауымен қаржы пирамидасының қызметін әшкереледі, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары азаматтарға пайызсыз бөліп төлеу арқылы жылжымайтын мүлік пен көлік сатып алуды ұсынған.

"Алайда бұл міндеттер толық орындалмаған, ал мүлік туыстары мен жақындарына берілген. Нәтижесінде қаржы пирамидасы 8 мыңнан аса салымшыны тартқан, олардың жалпы салған қаражаты 21 млрд теңгеден асқан. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы бірнеше деңгейлі заңсыз схема жасаған. Ол өз бақылауындағы заңды тұлғаларды, яғни "Алло, не керек", i-m@rketing, Gold SapaPremium ЖШС-ні пайдаланған", — деп жазылған хабарламада.

Жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден аса қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыртқа шығарылған.

Қылмыстық кірістер есебінен жеке тұрғын үйлер, Астанадан пәтерлер, сондай-ақ, HUMMER H2 және Lexus LX570 маркалы қымбат көліктер сатып алынған. Бұл мүліктер сенімді адамдардың атына рәсімделген.

Сот санкциясымен осы мүлікке және тұтыну кооперативінің шоттарына тыйым салынды. Қаржы пирамидасының бас ұйымдастырушысы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!