Қазақстан әлемдегі күнбағыс майын өндірушілердің алғашқы ондығына енді. Ал Еуропалық одаққа май жеткізуде үшінші орынға көтерілді. Осының арқасында елге 500 млн доллардан астам кіріс кірді. Үкімет бұл көрсеткішті еселеуге мүдделі. Бұл үшін алдағы үш жылда атқарылуға тиіс жұмыс жоспары әзірленеді. Яғни билік пен өндірушілер майлы дақылдарды өңдеуді дамытуда бірлесе шешім қабылдайтын тұрақты платформа құрылмақ. Бастама шеңберінде Қазақстанның халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға бағытталған экспорттық жол картасын дайындау көзделіп отыр.
Иә, Қазақстан пайдасы мол майлы дақылдарды көбейтуге бет бұрды. Мәселен, биыл майлы дақылдар егістігі 365 мың гектарға артты.
Күнбағыс майының өндірісі 2,5 есе өсті
Кейінгі үш жылда күнбағыс майының өндірісі 2,5 есе өсті. Соған сай экспорт 4,8 есе артып, ал импорт 11% кеміді. Осылайша Қазақстан былтыр алғаш рет күнбағыс майын экспорттаушылардың ондығына кіріп, 8-ші орынға ие болды. Яғни май мен күнжара экспортынан 562 млн доллар табыс түсті.
Алдағы жылдары Үкімет бұл көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін монодақылдар алқаптарын азайтып, майлы дақылдарды көптеп егу көзделген. Күнбағыс майына Орталық Азия елдері мен Қытайдан да сұраныс көп. Сонымен қатар Таяу Шығысқа да экспорттау жоспары бар. Жалпы жаһандық май өнімдері мен жем-шөп нарығы 43 миллион тоннаға бағаланып отыр.
«Бүгінде өндірушілер ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандырумен қатар экспортты ұлғайтуды көздеп отыр. Сауда және интеграция министрлігі май өңдеу кәсіпорындарын дамыту бойынша тиімді құралдарды іске қосты. Бұл сауда-экономикалық миссиялар, экспортты жеделдету бағдарламасы және экспортты ұлғайту шығындарын өтеу тетіктері. Біз қазірдің өзінде негізгі нәтижелерді көріп отырмыз. Кейінгі бес жылда әлемдік нарыққа жеткізілген отандық өсімдік майының көлемі тұрақты түрде өсіп келеді» — Нұрлан Күлбатыров, «QazTrade» АҚ бас директорының бірінші орынбасары.
Қытай тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс зор
Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің басты тұтынушысы – Қытай. Қаңтар-наурыз айларында көрші елге экспорт 426 млн доллардан асты. Яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 43,5% өсім бар.
Жалпы былтыр екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы тауарының айналымы 1 млрд 400 млн доллардан асты. Оның ішінде 1 млрд доллардан астамы қазақстандық экспортқа тиесілі.
Алдағы уақытта экспорт көлемін ұлғайтуға қатысты нақты шаралар қолға алынды. Оның ішінде Қытай өңірлерімен тікелей байланыс орнату қарастырылған. Бұл әдіс уақыт жоғалтпай жедел әрекет етуге жол ашады. Сонымен қатар электронды сауданы дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Қазір қытайлық ірі маркетплейстерде қазақстандық павильондар ашылды.
«Қытай нарығында қазақстандық өнімдерді ілгерілету мақсатында сауда өкілдіктері мен сауда үйлерін ашу және дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қытай кәсіпкерлерінің жоғары қызығушылығын және еліміздің ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін ескере отырып, бұл бағытта экспортты арттыра береміз. Қазақстандық кәсіпорындарды Қытайдың экспорттаушылар реестріне жеделдетіп енгізу мәселесі де тұрақты назарда. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын ұлғайтуға және сауда кедергілерін жоюға мүмкіндік береді» — Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі.
Қырғызстан мен Арменияға экспорт ұлғаяды
Қазақстан Қырғызстанға экспорт көлемін 200 млн долларға ұлғайтуға дайын. Бұл жерде 175 тауар түрі таңдалып отыр. Мұның ішінде мұнай-химия, металлургия, машина жасау, тамақ және фармацевтика салаларының өнімдері бар. Былтыр екіжақты сауда айналымы 1 млрд 700 млн долларға жетті. Экспорттық-кредиттік агенттік Қырғызстанға экспортты қолдау аясында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Негізгі тауарлар қатарында кондитерлік және тамақ өнімдері, алюминий бұйымдары бар. Сондай-ақ Қазақстан Армения нарығына экспортты арттыруға күш салып отыр. Бұл бағытта 70 тауар түрі жеткізілмек.
«Армения нарығы қазақстандық өңделген өнімдер экспортына айрықша қызығушылық танытып отыр. Бүгінде біз жалпы сомасы 348 млн АҚШ долларынан асатын 70-ке жуық тауарды жеткізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұлар шикізаттық емес, дайын өнімдер. Тауарды жеткізу шарттары алдағы уақытта жан-жақты талқыланады» — Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі.
Дубайда сауда өкілдігі ашылады
Биыл күзде Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстанның сауда өкілдігі ашылады. Өкілдік отандық өндірушілердің Парсы шығанағы елдеріне кедергісіз шығуына жол ашады. Мұнда отандық тауарды өңірлік нарық талаптарына бейімдеу, сауда және техникалық кедергілерден өту іс-шаралары жүргізіледі. Мемлекеттік қолдау тетіктері жүзеге асырылады. Сондай-ақ павильонда қазақстандық өндірушілердің өнімдері тұрақты түрде таныстырылады. Осы жерде түрлі деңгейдегі кездесулер өтеді.