Шерзат ісі: Шынасыл Абзалдан сотқа дейін 7 рет жауап алынған

Жаңалықтар

Бүгін 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша ашық сот процесі өтіп жатыр.

Сотта прокурор Дана Сәрсенбай істің басты күдіктісі саналатын Шынасыл Абзалдан 7 рет жауап алынғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол алғашқы жауаптарының бірінде-ақ Шерзат Полатқа қорғану мақсатында пышақ сұғып алғанын мойындаған. Кейінгі жауабында Н.Ғайыпбаевты да пышақтағанын айтқан.

– Шынасыл Абзал сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде, беттестіру және оқиға болған жерді нақтылап көрсетумен бірге есептегенде одан барлығы 7 рет жауап алынған. 2024 жылдың 16 қазанында күдікті ретінде берген жаубында Шынасыл былай деп көрсетті. "...Осы кезде маған қарама-қарсы тұрған Шерзат мені ұру мақсатында маған қарай жұдырығымен секірді. Сол кезде мен артқа бір қадам шегініп, қорғану мақсатында Шерзаттың сол жақ дене тұсынан оң қолымдада ұстап тұрған пышақпен бір рет сілтеп, соққы жасадым" деген.

Өздеріңіз байқағандай, бұл жауабын нақты кідірмей беріп отыр. Осыған ұқсас 2024 жылдың 26 қазанында Ғайыпбаев пен Шынасылды беттестіру жүргізу барысында Шынасыл Н.Ғайыпбаевқа да, Ш.Полатқа да пышақ жарақаттарын келтіргенін толық растап, мойындаған. Нақтырақ айтқанда "Қолымдағы пышақпен Шерзатқа қарай сілтеп, сұғып алдым" деген. Бұдан бөлек, 2024 жылдың 12 қарашасында тергеушінің "Неге сіздің жауаптарыңыз әртүрлі?" деген сұрағына Шынасыл "Өз ісімді толық мойындау үшін Шерзатқа пышақ сұғып алғанымды мойындадым, яғни, шынымды айттым" деген. Осылайша, Шынайсыл сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде мән-жайды нақты айтқан. Шынасылдың бұл жауаптары істің басқа да құжаттарымен нақты өз дәлелдемелерін тапты, – деді мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай.