Халықаралық балаларды қорғау күні Қызылордада қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Қазанғап атындағы музыкалық колледж заманауи үлгідегі жаңа ғимаратқа көшті. Сонымен қатар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев қатысты.
Халықаралық балаларды қорғау күні облыс орталығынан физика-математика мектеп-интернаты ашылды. 400 орындық оқу ошағының жанында 300 орынға лайықталған жатақханасы бар. «Мұнда ғылымға терең бойлауға барлық жағдай жасалған», – дейді мамандар.
Асқарбек Есжанов, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- 1447 талапкер құжатын тапсырды. Республиканың 17 өңірінен құжаттар ұсынылды. Нәтижесінде 1447 талапкердің 200-і осы мектепке арнайы қабылданды. Оның ішінде Қызылорда облысын қосқанда Қазақстанның 10 өңірінен осы жерде біздің дарынды балалар білім алады.
Ал облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа ғимаратқа көшті. Заманауи үлгідегі нысан жәдігерлерді ерекше форматта ұсынатын сандық, мультимедиалық технологиялармен жабдықталған. Бұл Қызылорда қаласының еліміздің астанасы болғанына 100 жыл және облыстық музейдің 85 жылдығына арналған тарту болды.
Сапар Көзейбаев, тарихи-өлкетану музейінің директоры:
- 11 зал ашылды, ең кереметі бұнда полеонтология залы бар. Жалпы Сыр өңірінің тарихында полеонтолгия залы болмаған еді. Міне, ашылды. Одан кейін ареология залы бар, бірақ кеңінен көрсетіп, музей қорында тұрған керемет құнды жәдігерлеріміздің барлығы осы музей экспозициясына қойылды. Одан кейін әрі қарай орта ғасыр өркениеті, Ұлы Жібек жолының бойында Сыр өңірінің орналасуына қарай «Ортағасырлық өркениет» залы ашылды.
Қызылордада жарты ғасырға жуық тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің де ғимараты жаңарды. Сол жағалаудан ашылған нысанда концерт, би залдары мен хор бөлмесі бар. Музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнан бөлек, оқу корпусы жанынан 200 орынды жатақхана да бой көтерді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев