Елімізде балаларды қорғауға қатысты қандай бастамалар сәтті жүзеге асты?

Жаңалықтар

Қазақстанда балаға жасалған әрбір қамқорлық – ұлт болашағына салынған іргетас. Елімізде өскелең ұрпақтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа әлеуметтік бастамалар жүзеге асып келеді. Мемлекет қолға алған бұл кешенді шаралар – баланың құқықтарын қорғап қана қоймай, оның жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдар.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы арқылы әр балаға қаржылай қор жиналса, бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылып, мектептер жаңа стандарттармен жабдықталып жатыр. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейіп, аналар үшін декреттік демалыс мерзімі ұзартылды. Бұл – уақытша емес, елдің стратегиялық даму бағытына айналған, жүйелі түрде жүзеге асып жатқан әлеуметтік саясаттың айғағы.

«Ұлттық қор – балаларға»

Қазақстанда баланың болашағына мемлекет деңгейінде инвестиция салу бұрын-соңды мұндай ауқымда қолға алынған емес. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – дәл осы ұстанымға негізделген, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы Жолдауында көтерілген бастамалардың бірі. Бұл жоба арқылы мемлекет әрбір балаға 18 жасқа дейін қаржы жинауға мүмкіндік беріп, оның келешектегі әлеуетін нақты қолдау тетігіне айналдыруда.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 6 919 131 баланың атына арнайы жинақ шоттары ашылып, олардың әрқайсысына 100,52 АҚШ доллары көлемінде қаржы аударылды. Жалпы алғанда, мемлекеттік трансферттер сомасы 695,5 миллион долларға жетті.

Алдағы жылы бұл көрсеткіш одан әрі ұлғаяды: 2025 жылы жобаға қатысушы балалар саны 6 921 035-ке жетіп, бір балаға 129,38 доллар бөлінеді деп жоспарланған.

Жинақ – білім мен баспананың кепілі. Жиналған қаржыны баланың өзі кәмелетке толған соң екі бағыттың біріне ғана пайдалана алады: жоғары білім алу, немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту.

2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жоба аясында 66 571 өтініш қабылданған; оның 53 001-і мақұлданған; жалпы 5,3 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаржы жұмсалған; 29 542 бала – баспанаға, 23 459 бала – білім алуға өтініш берген.

Әлеуметтік әділеттіліктің жаңа моделі

Бұл бастама – жай ғана қаржылай көмек емес. Бұл – әлеуметтік теңдікті нығайтып, балалардың өмір сапасын көтеруді көздейтін кешенді ұлттық саясаттың жарқын көрінісі. Ұлттық қордың ресурстарын жас ұрпақтың нақты қажеттіліктеріне бағыттау – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы стратегиялық шешімдердің бірі.

Оқушылар ыстық тамақпен қамтылды

2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен толық қамтылды. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып, еліміздегі білім беру саласындағы маңызды әлеуметтік жаңалықтардың біріне айналды. Бағдарлама бірінші кезекте 1–4 сыныптағы барлық баланың денсаулығын жақсартуға және олардың оқу үлгеріміне оң әсер етуге бағытталған.

Балалардың дұрыс тамақтануы – тек физиологиялық қажеттілік емес, олардың дамуына, сабақтағы зейіні мен оқу процесіне тікелей ықпал ететін маңызды фактор. Әсіресе, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар үшін бұл – күнделікті тамақ мәселесін шешіп қана қоймай, олардың тең дәрежеде білім алуына жол ашатын қолдау. Тамақтануға қол жеткізу тек әлеуметтік көмек емес, қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етудің нақты жолы.

2024 жылғы ресми дерекке сүйенсек, ел бойынша 1,6 миллионнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. Оның ішінде 1,4 миллионы – бастауыш сынып оқушылары, ал 200 мыңнан астамы – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар. 2025 жылдан бастап бұл бағдарлама жекеменшік мектептерге де енгізіледі. Ал мемлекеттік мектептерде 1,7 миллионнан аса оқушыны қамту көзделіп отыр. Бұл бастама Қазақстан тарихында алғаш рет бастауыш білім беру деңгейін толық қамтыған ауқымды әлеуметтік жоба ретінде бағалануда.

Бағдарламаның тиімділігі біртіндеп байқалып келеді. Біріншіден, балалардың денсаулығы жақсаруда: күн сайын ыстық әрі пайдалы тағам ішу – олардың иммунитетін күшейтіп, бойының дұрыс өсуіне сеп болуда. Екіншіден, сабаққа қатысу мен үлгерім көрсеткіштері жоғарылай түсті. Ашқұрсақ келген бала мен тоқ келген баланың зейіні мен белсенділігінде айырмашылық бары бұрыннан белгілі. Бұл тұрғыда бағдарлама нақты нәтиже бере бастады.

Үшіншіден, бұл – әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ететін құрал. Ауыл мен қала мектептері арасындағы инфрақұрылымдық алшақтық біртіндеп азайып, барлық бала бірдей мүмкіндікке ие бола бастады. Сонымен қатар, мектеп асханаларының жергілікті өнімдермен жабдықталуы – отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тұрақты сұраныс туғызып, өңірлік экономикаға оң әсер етіп жатыр.

Тамақтану сапасы мен оқушылардың күнделікті рационы да қатаң қадағалануда. Мәзірдің құрамында дәруменге бай, баланың жас ерекшелігіне сай тағамдар қамтылуда. Әр мектептің асханасы санитарлық талаптарға сай жабдықталып, ата-аналар тарапынан да қоғамдық бақылау енгізілуде.

Қорыта айтқанда, бастауыш сынып оқушыларына арналған тегін ыстық тамақ – бұл уақытша көмек емес, баланың толыққанды дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік саясат. Бұл арқылы мемлекет тек бүгінгі баланың емес, ертеңгі дені сау, білімді, әлеуетті азаматтың іргесін қалап отыр.

Балаға қорған – қоғамға сенім: Зорлыққа қарсы заң не өзгертті?

2024 жылдың 15 сәуірінде Қазақстанда тарихи оқиға тіркелді: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға қол қойып, отбасындағы озбырлыққа нүкте қою жолындағы нақты қадам жасады. Бұл заңның басты өзегі – балалар мен әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғансыздарға қорған болу.

Бұрынғы "ескертумен құтылатын" жүйе енді жұмыс істемейді

Бұған дейін ұрып-соғу, жеңіл дене жарақаты сынды әрекеттер «отбасылық кикілжің» ретінде қаралып, жәбірлеуші ескерту немесе айыппұлмен құтылатын. Ал енді мұндай фактілер қылмыстық жауапкершілікке жатады. Бұл — зорлықты елемеуге емес, оны түбірімен жоюға бағытталған нақты ұстаным.

Сонымен қатар:

Педофилия, зорлау, кәмелетке толмағанды азғыру, ұрлау сияқты ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы заңмен бекітілді;

Кибербуллинг, психологиялық қорлау, қорқытып мәжбүрлеу сынды жаңа сипаттағы зорлық түрлері де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды;

Қайталанған зорлық әрекеттеріне қатысты жаза күшейтіліп, қорғау ұйғарымының мерзімі ұзартылды.

Ішкі істер министрлігінің 2025 жыл басындағы мәліметіне сүйенсек:

Отбасындағы зорлық-зомбылық туралы шағымдар 27%-ға азайған:

2023 жылы – 55 000 жағдай тіркелсе,

2024 жылы – 40 000 оқиға тіркелген;

Балалар арасындағы қылмыстық оқиғалар мен өлім-жітім деңгейі 28,6%-ға төмендеген;

Қылмыстық істерге тартылған балалар саны азайып отыр — бұл алдын алу тетіктерінің тиімділігін көрсетеді.

Заңнан бұрын – ұстаным өзгерді

Бұл заңның қабылдануы – тек құқықтық өзгеріс емес. Бұл қоғамдағы үнсіздіктің тоқтауы, "өз шаруасы" деген түсініктен арылу. Зорлықты қалыпты жағдай ретінде қабылдау — енді заң алдында да, ар алдында да ақталмайтын әрекет.

Мектептер мен балабақшаларда психологтар жұмысы күшейтіліп, балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте анықтау, құпия түрде хабарлау жүйелері енгізілуде. Бұл — тек жазалау емес, алдын алу мәдениетін қалыптастыру деген сөз.

Декреттік демалыс 1,5 жылға ұзартылды

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда балалы аналар үшін декреттік демалыс мерзімі 1,5 жылға дейін ұзартылды. Бұл – тек әлеуметтік жеңілдік емес, қоғамның ана мен бала денсаулығына, болашағына баса мән бере бастағанының нақты көрінісі.

Басты мақсат – баланың дамуына қолайлы жағдай жасау

Жаңа өзгеріс ананың еңбек нарығынан шет қалмай, сәбидің алғашқы даму кезеңінде қажетті күтіммен қамтамасыз етілуіне жағдай жасайды. Жаңа жүйеге сәйкес, аналар 1,5 жасқа дейін бала күтімімен айналысып, осы мерзім ішінде әлеуметтік төлем алып, зейнетақы жарналары да мемлекет тарапынан субсидияланады.

Мемлекеттік қолдау ауқымы артып келеді

Үкіметтің 2023–2025 жылдарға арналған әлеуметтік бюджеттік жоспарында декреттік төлемдерді ұлғайтуға жалпы 100 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген:

2023 жылы – 23,4 млрд теңге

2024 жылы – 32,8 млрд теңге

2025 жылы – 34,5 млрд теңге

Бұл – ана мен баланың әл-ауқатын арттыруға, демографиялық тұрақтылық пен отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Жаңа жәрдемақы мөлшерлері мен қосымша қолдау

2024 жылдың соңынан бастап 1,5 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақылар мөлшері де қайта есептелді. Мәселен, бірінші бала үшін ай сайынғы төлем мөлшері 5,76 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде белгіленді. Сонымен бірге:

Әлеуметтік төлемдерді алушылар үшін зейнетақы жарналарын мемлекет төлеу мерзімі ұзартылды;

Еңбекке оралуға ынталандыру шаралары күшейтілді, соның ішінде икемді жұмыс режимдері мен қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктері кеңейтілді.

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасымен үйлесім

Бұл бастама «Ұлттық қор – балаларға» жобасымен үндесе отырып, 1,5 жасқа дейінгі балаларға қатысты кешенді қолдаудың бір тетігіне айналды. Яғни, әр балаға арнап жеке жинақ шоты ашылып, оған мемлекет тарапынан қаражат аударылады. Бұл – тек бүгінгі көмек емес, болашаққа бағытталған инвестиция.

Әйелдің қоғамдағы рөліне құрмет

Ана мен баланы қолдау – бұл жай ғана әлеуметтік пакет емес. Бұл – қазақ қоғамындағы әйел рөліне деген жаңа көзқарас, еңбек пен аналық міндетті үйлестіруге бағытталған саясат. Жаңа өзгеріс арқылы мемлекет отбасын қорғау мен адами капиталды дамытуда нақты іс-қимылға көшкенін көрсетті.

«Жайлы мектеп» – жаңа білім кеңістігі

Қазақстанда білім беру жүйесі сапалы серпіліс кезеңіне қадам басты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – бұл тек жаңа ғимараттар салу емес, бүкіл білім инфрақұрылымын түбегейлі қайта қарау. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен бұл бағдарлама балаларға лайықты орта, қауіпсіз жағдай, заманауи білім беру мүмкіндігімен қамтамасыз етуді мақсат тұтады.

105 жаңа мектеп – бір жылда

2024 жылдың қорытындысы бойынша 105 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл – үш ауысымды оқыту мен апатты, ескі ғимараттар мәселесін едәуір азайтып, мектептердің 3 мыңға жуығын бір ауысымда жұмыс істеуге көшіруге мүмкіндік берді.

Мұндай қарқын – тек статистика емес, нақты өзгерісті сезінген ата-ана мен мұғалімнің, оқушының өмір сапасындағы өзгеріс.

Жөндеу емес – жаңғырту. Тек жаңадан салынған мектептер ғана емес, бұрыннан жұмыс істеп тұрған оқу ошақтары да күрделі жаңғыртудан өтті: 254 мектепке күрделі жөндеу жасалды; 967 мектепке 1 621 пәндік кабинет (STEM, робототехника, химия, физика, биология) орнатылды; 1000 ауыл мектебі жаңартылып, шалғай елдімекен оқушыларына да қаладағыдай мүмкіндік берілді.

Бұл – қала мен ауыл арасындағы білім беру теңсіздігін жою бағытындағы нақты әрі пәрменді қадам.

Жаңа мектеп – жаңа стандарт

Жоба аясында салынған мектептер дәстүрлі ғимараттардан 15–20% кеңірек, жобалық қуаты жоғары әрі қауіпсіздік стандарттары бойынша күшейтілген: бейнебақылау, дабыл түймесі, турникеттер; бірнеше спорт залы мен кеңейтілген асхана жабдықтары; инклюзивті орта (ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қолжетімді инфрақұрылым).

Білім кеңістігі жай ғана білім беретін жер емес – баланың дамуына, денсаулығына, тұлғалық ашылуына әсер ететін орта екенін мемлекет алғаш рет мұндай ауқымда мойындап, іске асырып отыр.

Жобаның жанама пайдасы да бар

«Жайлы мектеп» жобасы жергілікті құрылыс саласын жандандырып, аймақтарда жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етті. Бұл – тек білім емес, экономикалық белсенділікке дем берген әлеуметтік жоба.

Балалар ынталы, ата-аналар сенімді, мұғалімдер қауіпсіз

Жобаның басты жетістігі – оқушылар мен мұғалімдерге жасалған жағдай. Жаңа мектептерде білім алатын оқушылардың сабаққа қатысуы мен ынтасы артқаны, оқу үлгерімі жақсарғаны анық байқалып отыр. Ал ұстаздар қауымы жұмыс істеуге қолайлы орта пайда болғанын атап өтуде.

«Келешек»: әр балаға — білім капиталы

2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың болашағына бағытталған нақты әлеуметтік бастамаларды жариялады. Соның бірі – «Келешек» жинақтау жобасы. Бұл – бес жастан асқан балаларға арналған біртұтас, ерікті қаржылық жинақ жүйесі, оның мақсаты – әр балаға алғашқы білім капиталы мен тұрақты қолдау тетігін құру.

60 АЕК – бастама төлем

Жобаға сәйкес, бала бес жасқа толғанда мемлекет тарапынан оның атына арнайы шот ашылып, оған 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 240 000 теңге) бастапқы жарна аударылады. Бұл қаржыны мемлекет өз есебінен бөліп, жобаны Қаржы министрлігі мен бірқатар екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырады.

Ата-ананың ерікті жарнасы – сенімді инвестиция

«Келешек» шоты – ата-ана үшін де болашаққа салынған инвестиция. Жүйе бойынша, ата-аналар шотқа ай сайын ерікті түрде қаражат аударып отыра алады. Минималды ұсынылған мөлшер – 8 000 теңге. Аударым көлемі ерікті болғанымен, жүйелі түрде жүргізілсе, жинақ көлемі еселеп өседі.

Мемлекет бұл шоттарға жыл сайын сыйақы қосып отырады, сонымен қатар қаражат инвестициялық кіріс арқылы көбейіп отырады. Бұл – тек сақтап қана қоймай, өсетін капитал.

7,5 миллион теңге – нақты мүмкіндік

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, егер ата-ана баласы 5 жасқа толған сәттен бастап «Келешек» шотына тұрақты түрде жарна құйып отырса, бала 18 жасқа толғанға дейін жинақ сомасы 7,5 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл қаражат:

Орта немесе жоғары білім алуға,

Тұрғын үй жағдайын жақсартуға,

Өз кәсібін бастауға жұмсалуы мүмкін.

«Келешек» пен «Ұлттық қор – балаларға»: екі жүйе – бір мақсат

«Келешек» жобасы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасымен қатар жұмыс істей отырып, әр баланың болашағына қосарлы қаржылық қолдау ұсынады. Бірі – мемлекеттік капитал, екіншісі – отбасылық инвестиция.

Екі бастама да балалардың сапалы білім алуына, әлеуметтік теңдікті нығайтуға және халықтың ұзақмерзімді әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

«Келешек» – бұл ертеңге сеніммен қарау ғана емес, сол ертеңді бүгіннен бастап қаржылай жоспарлау. Әрбір ата-ана баласына тек махаббат пен тәрбие ғана емес, қаржылық негізі бар келешек қалдыруға мүмкіндік алып отыр.

ArtSport – әлеуеті зор ұзақмерзімді жоба

ArtSport – бұл тек қосымша үйірме емес, баланың дарыны мен әлеуетін ашуға бағытталған ұлттық бастама. 2021 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бұл жоба 4 пен 18 жас аралығындағы балаларды спорт пен өнер саласына кеңінен тартуға мүмкіндік беріп отыр.

Мемлекеттік тапсырыс – еркін таңдау

Жобаның жұмыс істеу тетігі қарапайым әрі тиімді: ата-аналар ArtSport.kz ақпараттық платформасы арқылы балаларына ұнайтын үйірмені немесе спорттық секцияны таңдайды. Үйірме түрін де, орналасқан орынды да өзі еркін анықтай алады. Бұдан кейін жергілікті әкімдіктер әр бала үшін қажетті қаржыны бөледі, яғни мемлекет жеке ұйымдардың қызметіне тапсырыс беріп, баланың қатысуына жағдай жасайды.

Бұл жүйе:

Бюджеттік қаржыны мақсатты бағытта қолдануға,

Ата-ана мен балаға нақты таңдау еркіндігін беруге,

Нарықта сапалы үйірмелер мен секциялар санын арттыруға жол ашты.

Қол жетімді өнер мен спорт – әлеуметтік теңдік кепілі

ArtSport жобасы іске қосылғалы бері мыңдаған оқушы спорт залдары мен шығармашылық студияларында шеберлігін дамытып, уақытын пайдалы әрі сапалы өткізу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – тек хобби емес, баланың тұлғалық дамуы мен әлеуметтенуінің маңызды бөлігі.

Жоба әсіресе:

Атаулы әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларға,

Шалғай ауыл мен шағын қалаларда тұратын балаларға,

Бос уақытын тиімді өткізетін мүмкіндік іздеген жасөспірімдерге нақты пайда әкеліп отыр.

Инфрақұрылым дамып, аймақ жанданады

ArtSport жобасының жанама әсері де аз емес. Жобаны жүзеге асыру барысында артта қалған өңірлерде спорт пен өнер инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше мән берілді. Бұл ауылды жерлерде де сапалы үйірмелердің ашылуына, жергілікті жаттықтырушылар мен ұстаздардың жұмыспен қамтылуына ықпал етті.

Бүгінде ArtSport жобасы – баланы ерте жастан өзін-өзі дамытуға, шығармашылықпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелейтін жүйелі құралға айналды. Оның әлеуеті тек жеке балаға емес, қоғамның мәдени және спорттық капиталына әсер ететін маңызды фактор ретінде бағаланып отыр.

ArtSport – баланың қызығушылығын қолдаудан басталып, елдің болашағына салынған инвестициямен аяқталады. Бұл жоба әрбір дарынды баланың өзін табуына мүмкіндік береді.

Мемлекет дарынды оқушылар мен мұғалімдерді қолдайды

Қазақстанның дарынды оқушылары халықаралық білім додаларында ел намысын абыроймен қорғап, жыл сайын жүлделі орындарға ие болып келеді. Мемлекет бұл жетістіктерді елеусіз қалдырмай, үздіктерге қомақты біржолғы сыйақы тағайындап отыр. Бұл — талантты жастарды қолдауға бағытталған жүйелі саясаттың нақты көрінісі.

Жүлде — білімге берілген баға

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, әлемдегі ең беделді 7 халықаралық пәндік олимпиадада жүлделі орын алған 26 қазақстандық оқушыға жалпы сомасы 77,5 миллион теңгеден асатын сыйақы төленеді.

«Жеңімпаз оқушыға берілетін біржолғы сыйақы мөлшері — 1500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, бұл 2024 жылғы есеппен шамамен 5,5 миллион теңге», – делінген министрлік хабарламасында.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы тікелей тапсырмасымен енгізілген. Содан бері дарынды оқушылар мен оларды тәрбиелеген мұғалімдерге мемлекет тарапынан материалдық және моральдық қолдау тұрақты түрде көрсетіліп келеді.

Жеңіс тізімі: Қазақстандық оқушылар — үздіктер қатарында

2023–2024 оқу жылының қорытындысы бойынша, ұлттық құрама құрамындағы оқушылар:

2 алтын,

12 күміс,

12 қола медаль,

1 құрмет дипломына ие болды.

Бұл жетістіктер — Қазақстанның білім жүйесінің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенінің айқын дәлелі.

Сыйақы жүйесі қалай жұмыс істейді?

Марапат жүйесі нақты және әділ қағидаттарға негізделген:

  • Алтын медаль – 1500 АЕК (шамамен 5,5 млн теңге);
  • Күміс медаль – 1000 АЕК (шамамен 3,7 млн теңге);
  • Қола медаль – 500 АЕК (шамамен 1,8 млн теңге).

Оқушыларды жарысқа дайындаған мұғалімдер де лайықты құрметке ие болады:

  • Алтын медаль үшін – 26,5 еселенген базалық лауазымдық жалақы;
  • Күміс медаль үшін – 17,5 есе;
  • Қола медаль үшін – 8,5 есе көлемінде төлем беріледі.

Бұл — ұстаз еңбегінің нақты бағалануының жарқын мысалы.

Білім гранты және болашаққа жолдама

Халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз атанған оқушылар Қазақстандағы кез келген жоғары оқу орнына емтихансыз қабылданады. Олар үшін арнайы мемлекеттік білім гранттары бөлінеді. Бұл бастама дарынды оқушылардың отандық университеттерде білім алып, ел игілігіне қызмет етуіне жол ашады.

Жүйелі нәтиже: әр екінші оқушы – жүлдегер

2023 жылы халықаралық білім жарыстарына Қазақстаннан 1218 оқушы қатысты. Оның ішінде:

603 оқушы жүлдегер атанды — бұл әрбір екінші қатысушының марапатпен оралғанын білдіреді;

23 оқушыға – 65,6 млн теңге,

20 педагогке – 71,4 млн теңге көлемінде біржолғы сыйақы берілген.

Бұл марапаттау жүйесі — оқушыларды білім мен ғылымға ынталандырудың, ал мұғалім мәртебесін арттырудың тиімді механизмі. Президент тапсырмасымен енгізілген бұл тәжірибе елдегі интеллектуалдық капиталды қолдау саясатының маңызды бөлігіне айналды.

Халықаралық білім додаларында топ жарған оқушылар мен оларды дайындаған педагогтерге берілетін бұл сыйақы — мемлекеттің білімге, дарынға және ұстазға деген шынайы құрметінің көрінісі. Бұл бастама арқылы Қазақстан болашақ зияткер ұрпақтың қолдау мен мүмкіндіктен кенде болмайтынын айқын көрсетіп отыр.