Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандары мемлекеттен қандай жәрдемақы алады

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі 2025 жылы 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын әлеуметтік қолдау шаралары жайына қатысты ақпаратпен бөлісті. Қазақстанда 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 23,6 млрд теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа 2,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

"2003-2024 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері 2949 теңге мен (3/4 АЕК) 393 200 теңге (100 АЕК) аралығында. 2025 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 1,2 млрд теңге қарастырылған", – деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Аймағамбетов.

Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан 1,23 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2025 жылы – 4 837 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

"2005 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 18,8 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2025 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,5 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 26 807 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды", – деді департамент директоры.

Ақталған азаматтардың, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдардың бірінші кезекте:

  • бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне;
  • оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;
  • телефондарды бірінші кезекте орнату;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұру;
  • протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;
  • оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша саяси қуғын-сүргіндерге ұшыраған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджеттер есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.

Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді.

2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 223,8 млн теңге сомасына біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

1921-1954 жылдар аралығындағы кезеңде "халық жауларын" анықтау саясатының салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді.

Миллиондаған қазақстандық 1932-33 жылдары ашаршылықтың құрбаны болды.

Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 млн-нан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл саннан едәуір көп.

1930-1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматы үшін депортация орны болды. 1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер мен әзірбайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында елге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың саны 1 миллион 200 мыңның шамасында.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 31 мамырда Астана маңындағы "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойғанын жазғанбыз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы шарада сөз алып, Қазақстан халқының жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алатынын баса атап өтті. Президенттің айтуынша, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – қастерлі борышымыз. Аталған шарада Мемлекет басшысы тарихты ел ішіне іріткі салатын насихат құралы ретінде пайдалануға жол бермеу керектігін де айтты. Сонымен қатар президент атап өткендей, тарихқа деген көзқарас саяси ахуалдың ықпалында кетпеуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек екенін де нақтылады.