Қазақстанның тау-кен саласының мүмкіндіктері Канададағы халықаралық көрмеде таныстырылды.
130 мемлекеттің өкілдері жиналатын іс-шараға біздің ел төртінші рет қатысып отыр. «Болашақ минералдарының көзін ашу: барлаудан өндіруге дейінгі үрдісті жетілдіру» деген тақырыпта өткен жиында Қазақстанға инвестиция тарту, геологиялық барлау жұмыстарын жетілдіру мен жаңа ынтымақтастық орнату мәселелері қозғалды.
135 ел, 30 мыңға жуық қонақ үш күнге созылған Торонтодағы тау-кен саласының халықаралық көрмесі индустрияның соңғы жаңалықтарын паш етті. Менделеев кестесінің түгел дерлік элементтері қойнауында жатқан Қазақстан да бұл іс-шараға басты ойыншылардың бірі ретінде қатысты. Уран, хром, мыс, мырыш, боксит пен алтын өндіруден алғашқы орындарда көрініп келе жатқан еліміздің жалпы ішкі өнімінің едәуір бөлігі дәл осы индустрия еншісінде. Оған қоса дүниежүзілік банктің есебінше, Қазақстанда барланбаған 5 мыңнан астам кен орны бар. Ал жалпы құны 46 триллион долларға бағаланған қазба байлығымызды ел мүддесі үшін игеруде халықаралық ынтымақтастық тиімді бағыттардың бірі саналады.
Ренат Бектуров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
«Біздің бұл жерге келгендегі мақсатымыз, әрине, осындай мүмкіндіктер туралы айту, инвесторларды елімізбен таныстыру, біздің еліміздегі тәуекел деңгейі туралы дұрыс мағлұмат беру, түсіндіріп беру, еліміздегі жаңағы заңнаманың өзгеруі инвесторларға қандай мүмкіндік ашып жатқанын айту және жергілікті қаржылық институттар, оның ішінде фондтарды қаржыландыру бойынша мүмкіндіктер туралы айтып беру».
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін халықаралық көрме қатысушыларына «Әлемнің тоғызыншы елінің геологиялық әлеуеті» атты форум ұйымдастырылып, «Қазақстандағы тау-кен өндірісінің қаржылық мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел өтті.
Пол Лефевр, Садбери қаласының мэрі:
- Қазақстанның тау кен индустриясының әлеуеті күшейіп келе жатқанына куә болып отырмыз. Соңғы жылдардағы ұтымды реформалар, қолайлы инвестициялық климат пен үкіметтің ашықтығы біздің өңірмен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарына жол ашады деп есептеймін.
Дэн Кисельбах, Miller Thomson LLP компаниясының серіктесі:
- Канада мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізгіміз келеді. Себебі Қазақстанның тау-кен саласындағы әлеуеті зор. Инвестиция құюға қолайлы жағдай жасалғанын біліп отырмыз. Тіпті Қазақстанды инвестициялық жобалар хабы десек те болады. Бұл біз сияқты шетелдіктердің қызығушылығын арттырары сөзсіз. Және үкімет өкілдерімен бетпе-бет сөйлесудің мүмкіндігі болып, толғандырған сұрақтарымызға жауап та алдық.
Қазақстанмен серіктестікті жандандыру мақсатында канадалық Teck Resources, First Quantum Minerals, Cameco, Major Drilling және Nutrien секілді алпауыт компаниялармен екі жақты кездесулер өтті. Америкалық Sweetwater Royalties пен австралиялық RCF пен BHP компаниялары қызығушылық танытты. Тараптар әлемдегі технологиялық прогресс қарыштап дамып, геосаяси ахуал ушыға түскен заманда тау-кен өнімдерінің қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда өндірілуі аса маңызды екенін түсініп отыр.