Зираттың аумағы үлкейіп , тура тасжолдың жиегіне дейін жеткен.
Ақтөбенің іргесіндегі Өрлеу ауылындағы мұсылмандар зиратының аумағы тасжолға дейін жеткені жұрттың ашуын тудырған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Күн сайын қалаға қатынап жұмыс істейтін тұрғындар мола қазатындармен алысып әлек. Себебі, халық бұған тоқтау болмаса, бейітті жол үстіне салатындар табылады деп отыр.
Зираттың аумағы үлкейіп, тура тасжолдың жиегіне дейін жеткен. Трасса мен мына қабірдің арасы бір-ақ метр. Тұрғындар жағдай бұлай жалғаса берсе қалаға апаратын жалғыз жолымыз жабылып, қатынас қиындай ма деп алаңдайды.
Қалың қараша қаз-қатар тізілген, топырағы кеппеген молалардың жолға тым жақын тұруы қауіпті деп отыр. Себебі, былтыр осы жолдың бойында көлік зиратқа соғылып, бірнеше адам жарақат алыпты. Мазасы қашқан жұрт бейіттің ішінде орын жоқ. Соған қарамастан жерлеу жұмыстары тоқтамайды деп ашынады.
Тұрғындар қорым айналасының қоршалмағанына да наразы. Жазда бұл жер күл-қоқысқа толып, жел соқса жан-жаққа шашылып жатады дейді. Жұртшылық зиратта болып жатқан заңсыздықтарға көз жұма қарай алмаймыз деп отыр.
Ал қорым сенімгерлік басқаруға беріліпті. Жауапты компанияның өкілі халықтың шағымынан кейін арнайы мамандарды шақырып, жерді өлшенген. Олар алдағы уақытта бейіттерді белгіленген жер учаскесінен асырмауға тырысамыз дейді.
Жауаптылар биыл зират толық қоршалады деп сендірді. Қорымның ішінде орын болмаса адам жерлеуге рұқсат берілмейді.