Себебі бұрынғы пойыздарға интернет тарту мүмкін емес.
Цифрлық даму министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков пойыздардағы интернетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Елімізде пойыздарды интернетпен қамту жобасы қаңтар айында іске қосылды.
Дамир Сейсембековтің сөзінше, республикада Тальго пойыздары 16 бағытқа жүреді.
"Техникалық тұрғыдан осы пойыздар ғана интернетті вагондардың ішінде тарата алады. Ескі, кеңестік замандағы пойыздарда бұл жүйені енгізу мүмкін емес. Қазір интернет "Астана – Алматы" бағытындағы пойызда ғана бар", — деді комитет төрағасы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Бүгінде пилоттық жобаны енгізу бойынша жұмыстар белсенді жүріп жатыр.
"Бірінші жартыжылдықтың аяғына дейін техникалық пилоттық жобаның қорытындысы белгілі болады. Интернет бірінші кезекте жолаушылар көп жүретін бағыттарға енгізілетін болады. Екіншіден, ешқандай байланыс жоқ жерлерде жүретін пойыздарға енгізіледі. Биыл бұл жұмыс жалғасады", — деді министрлік өкілі.