QJ лига: жаңа командалар, қыздар бәсекесі және мадридтік "Атлетико"

Жаңалықтар

226 жасөспірім ойыншы кәсіби футболда өнер көрсету мүмкіндігін алды.

Футболдан Қазақстан жасөспірімдер (QJ) лига турнирінің үшінші маусымы ресми түрде ашылуға жақын. Астанада өткен баспасөз жиынында лиганы ұйымдастырушылар биылғы маусымның басты ерекшеліктеріне тоқталып, алдағы жоспар-мақсаттармен бөлісті.

QJ лига жобасы елімізде кеңінен қарқын алып келе жатыр. Алғашқы екі кезең қорытындысы бойынша турнирге 3 мыңнан астам спортшылар мен мамандар қатысқан. Ал 226 жасөспірім ойыншы кәсіби футболда өнер көрсету мүмкіндігін алды. Олардың қатарында халықаралық матчтардан бөлек, Қазақстан чемпионатының жоғары дивизионы бар. Сондай-ақ, "Қайрат" академиясының түлегі бола тұра, QJ лигада көзге түсіп, шыңдалған Дастан Сәтбаевты да осы жобаның жарқын өкілі деп қабылдануда.

QJ лига президенті Рохус Шохтың айтуынша, биылғы маусымда өзгерістер көп.

"Лиганың ауқымы кеңейіп жатыр. Алғашында бізге ешкім сенбеген еді. Бүгінде біз жасөспірімдер футболын бір жолға қоя алдық. Биылдан бастап 16 жасқа дейінгі спортшылар арасында жаңа чемпионат басталады. Сондай-ақ, алғаш рет қыздар футболынан біріншілік жалауы желбіремек. Қыздар арасындағы лигада әзірге сегіз команда өнер көрсетеді. Биыл жаңадан қосылған командалар да бар. Олар – "Хан Тәңірі", "Жеңіс" және 16 жасқа дейінгі Қазақстан ұлттық құрамасы", – деді лига жетекшісі.


Оқи отырыңыз: Сенатор Қазақстанда футбол туралы арнайы заң қабылдауды ұсынды


Лига қамқоршылар кеңесінің төрағасы Тимур Турловтың айтуынша, бұл бәсеке елімізде одан әрі жалғаса береді.

"QJ лиганың ауқымын кеңейтіп, ойыншыларды ғана емес, бапкерлер мен футбол менеджерлерін дайындауды да мақсат етіп отырмыз. Менен: "Лига жабылып қалмай ма? Бұл қашанға дейін жалғасатын жоба?" деп сұраушылар көп. Бір айтарым – лига жалғаса береді, бұл ұзаққа жоспарланған жоба. Мен қандай да бір клубты сатып алуды емес, отандық футболды жүйелі түрде дамытуды таңдадым. Сонымен қатар, қыздар лигасының бастау алатыны да қуантады. Бұл жоба еліміздегі әйелдер футболын дамытуға да серпін береріне сенемін", – деді Лиганың қамқоршылар кеңесінің төрағасы.

Кәсіпкер қазіргі таңда кәсіпкер "Шахтер" футбол клубының академиясын салуға кіріскенін айтты.

QJ лиганың 2025 жылғы жаңа маусымында 18 өңірден жалпы есебі 54 команда бақ сынайды. Биылғы маусымға қатысатын жас футболшылар саны 1620-ға жетті. Командалар барлығы 542 матч өткізеді.

Айта кетейік, жылдың ең айтулы оқиғасы – мадридтік "Атлетикоға" қарсы өтетін All Star матчы болмақ. Аталған кездесу 23 тамызға жоспарланған. Бұл бәсекеде QJ лиганың ең үздік ойыншылары әлемнің ең мықты футбол академиясына қарсы ойнайды.