2024 жылы көрсетілген қызметтердің 91%-ы электронды түрде ұсынылды.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
"Электрондық үкімет сервистері қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн форматта қолжетімді, ал смартфондандыру деңгейі 90%-ға жетті. 2024 жылы 341 миллион қызмет көрсетілді, оның 91%-ы электронды түрде ұсынылды", — деді Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында.
Қызметтердің басым бөлігі проактивті түрде көрсетіледі.
"Біз eGov арқылы онлайн қызмет көрсетуге монополияны жойып, негізгі қызметтерді танымал финтех платформаларға шығардық. Бұл халықтың цифрлық сервистерге қолжетімділігін арттырды. Қазақстандықтар QR-қолтаңба мен биометриялық сәйкестендіру технологияларын сенімді түрде меңгеріп, күнделікті қолданып жүр", — деді министр.
Азаматтар цифрлық құжаттар сервисін бір жылда 292 миллион рет қолданды.