Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың жоспары бекітілді

Жаңалықтар

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулыға қол қойды , деп хабарлайды Egemen.kz.

Құжат 137,2 млрд теңгеге 118 іс-шараны қамтиды және туристік инфрақұрылымды, көлік логистикасын, цифрлық шешімдерді, қауіпсіздік жүйесін дамытуға, сондай-ақ инвестициялар тартуға бағытталған.

Үкімет мәліметінше, бұл жоспарға сәйкес, демалыс орнын жаңғырту негізгі бағыттарды, соның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар салуды, экологиялық және спорттық туризмді дамытуды, жаңа рекреациялық аймақтар құрылысын қамтиды. Атап айтқанда, Қатаркөл көлінің жанында балалар орталықтарын, спорттық-сауықтыру кешендерін және жыл бойы аквапарк ұйымдастыру қарастырылып отыр. Жүкей көлінің маңында кемпингтер, глемпингтер және жаңа туристік бағыттар ашылады. Ал Кіші Шабақты көлінде жалға беру стансалары, қайық тұрағы, жағалау инфрақұрылымы мен жағажайлар болады.

Қысқы демалыс түрлерін дамыту да кеңінен жоспарланған. Олардың арасында шаңғымен сырғанау ерекше сұранысқа ие. Спорттық жабдықтарды жалға беретін, тамақтану орны мен кәдесый дүкендері бар шаңғы базасын ұйымдастыру көзделген.

Курорттық аймаққа апаратын жолдар мен көлік инфрақұрылымын дамытуға да ден қойылады, оның ішінде визит-орталықтары бар көп деңгейлі тұрақтар және тамақтану пункттері салынады.

Осы жоспар арқылы келуші туристер санының 35 мыңнан 94 мың адамға дейін ұлғаюына, туризм саласындағы жұмыспен қамту көрсеткішінің 22 мыңнан 32,5 мың адамға дейін өсуіне және 22,7 млрд теңге мөлшерінде жеке инвестициялар тартуға әкеледі деп күтілуде. Өңір экономикасындағы туризм үлесі 1,4%-дан 3,5%-ға дейін ұлғайту көзделген.