Мемлекеттік туды қорлаған атыраулықтың бірі 15 тәулікке қамауға алынды

Жаңалықтар

Атырау қаласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында мемлекеттік туымен фотоға түскен үш адамның ісі қаралды.

Олардың арасында бір жасөспірім бар, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сот материалдарына сәйкес, үш азаматқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен (Ұсақ бұзақылық) айып тағылған. Олардың бірі – кәмелетке толмаған жасөспірім.

2025 жылғы 23 наурызда азаматшалар Н., А. және кәмелетке толмаған Х. Атырау қаласындағы мұз айдыны ғимаратында араб тіліндегі жазуы бар Қазақстан Республикасының туымен суретке түскен. Суретті әлеуметтік желіде тарату арқылы ұсақ бұзақылық жасаған.

Олардың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, фотосурет, баянат және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.

Сот қаулысымен аталған үш азаматқа айып тағылған бап бойынша кінәлі деп танылды.

Н.-ға кәмелетке толмаған адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту және адамдар тобының әкімшілік құқық бұзушылық жасау сияқты жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар ескеріліп, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолданылды. А.-ға 78 640 теңге мөлшерінде айыппұл салынды, ал кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне 39 320 теңге айыппұл салынды.

Сот қаулылары әлі заңды күшіне енген жоқ.