Сирияның уақытша президенті өтпелі үкіметті тағайындады

Жаңалықтар

Бұл үкімет Башар Асад биліктен кеткеннен кейін төрт ай өткен соң құрылып отыр.

Сирияда уақытша президент Ахмед аш-Шараа жаңа өтпелі үкімет құрғанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.

Жаңа кабинетте әртүрлі діни және этникалық топтардың өкілдері бар. Соның ішінде бір әйел министр бар.

Жаңа үкімет құрамында 23 мүше бар. Алавит өкілі Яруб Бадр — көлік министрі, друз өкілі Амгад Бадр — ауыл шаруашылығы министрі, күрд өкілі Мұхаммед Терко білім министрі болып тағайындалды. Христиан өкілі Хинд Кабават әлеуметтік істер және еңбек министрі болып тағайындалды, ол үкіметтегі жалғыз әйел.

Бұл үкімет елдегі бес жылдық өтпелі кезеңнің алғашқы қадамы болып табылады. Үкіметтің басты мақсаты – соғысты тоқтатып, елде тұрақтылықты қалпына келтіру.