Жеңістің 80 жылдығына арнап ағаш отырғызылды

Жаңалықтар

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Алматы өңірлік гарнизонына жұмыс сапары аясында көшет отырғызуды бастап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көгалдандыру акциясы – Жеңістің 80 жылдығына арналды. Отырғызылған көшеттердің бір бөлігі Армия үйі, Даңқ мемориалы және 28-ші гвардияшы-панфиловшылар саябағын қамтитын мемориалдық кешеннің бір бөлігі болмақ.

Министрлік мәліметінше акцияға Парламент депутаттары, Бас әскери прокурор, әділет генерал-майоры Дастан Секенов, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев, Алматы қаласы әскери-тарихи мұражайының басшысы Алуа Байқадамова, жергілікті әскери басқару органдарының, қалалық әкімдіктің, ардагерлер ұйымдарының өкілдері және «Жас Ұлан» республикалық әскери мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.

Қорғаныс министрі 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарды еске алуға арналған экологиялық акция отандастарымыздың Жеңіске қосқан үлесіне деген құрмет деп атап өтті.

«Мегаполисте 80 түп ағаш отырғызылмақ. Жалпы Қарулы күштердің әскери бөлімдері бар әр гарнизонда осынша көшет отырғызылады. Осылайша біз майдангер батырларға құрмет көрсетеміз», деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.