Салық департаменті көлігі бар азаматтарға шұғыл үндеу жасады

Жаңалықтар

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың 2024 жылға арналған көлік салығын төлеу мерзімі 2025 жылғы 1 сәуірде аяқталатынын еске салады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

17,2 мың маңғыстаулықтың көлік құралдарына салынатын салық бойынша 786,9 млн. теңгеден астам сомаға берешегі бар.

Салықты уақытылы төлемеген адамдарға 2 сәуірден бастап салық берешегі туралы хабарламалар жіберілетін болады, сондай-ақ мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі.

Маңғыстау облысында көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті органның деректері бойынша жеке тұлғалардың меншігінде 214 мыңнан астам көлік құралдары тіркелген.

Көлік құралдарына салынатын салық Салық кодексінің 493-бабына сәйкес дербес есептеледі.

Көлік құралдары салығы сомасын kgd.gov.kz веб-порталындағы калькулятордың және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасының көмегімен дербес есептеуге болады.

Бұл ретте салық органдары есеп айырысу балансын анықтау мақсатында жыл сайын тиісті жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салықты есептейді.

Комитеттің мәліметінше, 2024 жылға арналған салықты есептеу кезінде 2024 жылы қолданыста болған 3 692 теңге көлеміндегі айлық есептік көрсеткіш қолданылады.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салықтарды төлеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті болып табылатынын еске салады және салықтарды уақытылы төлеуге шақырады.