Ата-бабасына арнап от жаққан ер адам алапат өртке себеп болған

Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяның Солтүстік Кёнсан провинциясында отбасылық рәсім кезінде от жаққан 56 жастағы ер адам ірі орман өртіне себеп болды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Yonhap басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 22 наурыз күні сағат 11:25 шамасында Уисон округіндегі бейіт басында орын алған. Тергеу деректеріне сүйенсек, ер адам ата-бабасына тағзым ету үшін от жағып, қауіпсіздік ережелерін елемеген. Алайда қатты жел мен құрғақ ауа-райы салдарынан тілсіз жау жылдам тарап, жақын маңдағы Андон, Чхонсон, Ёнъян және Ёндок қалаларына дейін жеткен.

Қайғылы салдармен аяқталған бұл оқиға Солтүстік Кёнсан провинциясында жойқын өртке ұласып, кемінде 26 адамның өмірін жалмады. Сонымен қатар, төрт мыңға жуық ғимарат отқа оранып, толық жойылды. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Гоун ғибадатханасы, тұрғын үйлер, зауыттар және өзге де инфрақұрылым нысандары бар.

Полиция күдіктіні 30 наурызда қолға түсірді. Алайда ер адам өзіне тағылған айыптарды мойындамай отыр. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Билік өкілдері азаматтарды мұндай рәсімдер кезінде өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырып, қайғылы оқиғаларға жол бермеуге үндеді.