Қарағандыда коммуналдық қалдыққа төленетін тарифті көтеру ұсынылды, деп хабарлайды 24KZ. Қала тазалығына жауапты кәсіпорындар техниканың тозғанын, тұрғындардың қарызы көбейгенін алға тартып, жергілікті мәслихатқа бағаны көтеру туралы өтініш түсірді. Бірақ бұл ұсыныс қоғам белсенділерінің қарсылығын туғызды. Олардың айтуынша, қызмет сапасы көңіл көншітпейді. Қоқыс уақытылы шығарылмай, контейнер алаңдары ластанып жатады.
Қарағандыда тұрмыстық қалдықтарды жинап, сыртқа шығаруымен үш компания айналысады. Оларға осы қызметі үшін тұрғындар адам басына 380 теңгеден төлейді. Төрт жыл бұрын бекітілген тарифті жауапты мекеме өкілдері 751 теңгеге дейін көтеруді сұрады. Бірақ мұндай ұсыныспен қоғам белсенділері келіспеді.
Павел Подвигин, қоғам белсендісі:
- Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жалдаған ЖШС толық мәлімет бере алмады. Тарифтің есептелу формуласын көрсетпеді. Цифрларды қоя салып бере салған. Шындыққа жанаспайды.
Қала тазалығына жауапты серіктестік басшылары тариф құнын көтеру аса қажет екенін айтып отыр. Себебі мекемелердің несиесі мен қарызы бар. Оған қоса жұмысшылардың еңбекақысын көтеру қажет. «Жанармай бағасы да қымбаттап жатыр», – дейді олар.
Әмірбек Орынбеков, кәсіпкер:
- Қазақстандағы ең төмен тарифтердің бірі. Ол өзін-өзі мүлдем ақтамайды. Жалақы жетпеген соң несие алғанбыз. Сондықтан қарызымыз бар. Сынған көліктердің бөлшектерін бөліп төлеу арқылы алып отырмыз.
Тарифке қатысты арнайы жұмыс тобы құрылып, мәселені жан-жақты талқылайды. Түпкілікті шешімді үш айдың ішінде мәслихат депутаттары қабылдауы тиіс.
Бейбіт Жұмабеков, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты:
- Бүгінгі таңда бізге осындай ұсыныс түсті. Тарифті 751-ге көтеру деп. Бірінші отырыста осы мәселені қарастырдық біздің әріптестер қарсылық танытты. 751 теңге өте көп бүгінгі таңда. Қымбаттау деп. Себебі Астананың өзін алып қарасақ, 635 теңге ғой деймін, шатаспасам.. Негізі тариф көтеріледі. Бұны тағы әлі біз зерттеуіміз керек.
Жұмыс тобы жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес орташа бағаны анықтап, бекітетін болады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Лиана Жамилханова, Cайран Ақамбаев