«Қайран да менің боз дөңiм...»

Жаңалықтар

«Көзімнен жаңбыр жауғанын ,

Сездің бе, туған тауларым.

Баурыңа жетіп лауладым...

Қызарып күндей батқалы,

Өзіңе келдім жатқалы...».

Бұл – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, тағдырлы ақын Төлеужан Ысмайыловтың «Абыралымен арыздасу» атты өлеңінен үзінді. Ол небәрі қырық жасында өмірден озды, өзі суреттегендей, туған тауларына көз жасын жаңбырша төгіп, қызарып барып батқан күндей мәңгілік мекеніне жол тартып кете барды.

Осы бір есімді мүлдем ұмы­­тып кеткен жоқ­пыз ба? Бәл­­кім өте сирек еске алатын шығармыз. Содан шығар, ұмы­тылып кеткендей болып көрі­нетіні. Дарынды ақын ғана емес, талантты аудармашы, сатирик, әдебиет сын­шы­сы, публицист Төлеужан Ыс­майы­ловтың «Қоштасу жыры» деген өлеңі бар. Осы туындысы­нан ақынның поэзиядағы келісті өрнегінің, суреткерлігінің, ек­пі­ні­нің биік деңгейін аңғара қоясыз.

«Шықтым кеп боз дөң басына,

Қызығым қалған жасымда.

Іздерім жатыр жосылып,

Соқпаққа жаңа қосылып.

Белдеу боп дөңге асыла,

Жарысып жаяу шашыла...»

Туған жерінен нәр алып, дарынды ақын болып жаралған, бәлкім қалыптасқан перзент «Та­ныдым тарғыл тасынан, Көзім­нің тамған жасын да», деп жырла­мауы мүмкін бе?

«Қоштасу жыры» деген өле­ңі­нен автордың талайлы тағ­ды­рын, ақынның өзін, өмір жолын көргендей боласың.

«...Еңіске қарай асыға,

Құлындай құлдыр шағымда.

Ілестірмей шаңыма.

Келсем де бәйге алдында.

Бақ іздеген басыма,

Осынау дөңнің қасында.

Шарлай да шарлай сан жерді,

Не аңсап келдім, ал енді.

Ақ кірген кезде шашыма?..»

Бұл сұрақ ақынның жан дүние­сін мазалап, жүрегін ауыртады, туған жерінен арман қуып аттанған бала ақын өсе келе поэ­зия төріне өрлеп, кейін өскен топырағына оралғанда өзіне артылған үмітті ақтай алмай кері қайтқандай сезініп күйінеді.

«...Осы ойдан кенет шошына.

Жан бітіп дөңнің тасына,

Жауардай менің басыма!

Монтиған момын боз дөңім,

Дауыл ғып бұрқай өз демін.

Сілкілеп түзді ашына,

Басар ма екен ашуға...»

дейді ақын әкедей көрер боз дөңінің алдында кішірейіп, басын иіп. Иә, ақын өзінің боз дөңіне айтып ақталар сөз бар. Ақын өмірге бос келіп, бос кеткен жоқ.

«...Тіл қаттым жасым сорғалап,

Балалық шақтың досына.

Кетіп ем сенен, боз дөңiм,

Шығам деп шыңның басына,

Басында мәңгі мұз жатқан,

Асқардың бардым қасына.

Таңғалып қарап құз жаққа,

Өрледім жақпар тасына.

Жүзіндей уыз қыздардың,

Алмасын алдым нуынан.

Өкірген шулап құздардың,

Бет жудым тентек суынан...» дейді ақын.

Иә, ақын тағдырына есе жі­бер­ген болуы мүмкін, бірақ мы­на дүниедегі миссиясын, дәліре­гі өзіне артылған ақындық мін­дет­ті абыроймен атқарды. Ол сәлделі шыңнан қыранның қал­қып ұшқанын, сорғалап келіп дұшпанын, болат тұяқпен тар­пы­ға­нын көрді, туған жердің гүлдерін төсіне тақты, боз дөңіне еркеледі, мұңын шақты...

«...Ит көйлегім іріген.

Кіндігім сенде шіріген,

Қайран да менің боз дөңiм...» деп жырлаған ақын өзінің боз дөңіне құлақ түреді. Боз дөңі оған былай сыр шертеді:

«...Топырақ болған аруақтар,

Зәру ме топырақ салуға.

Жер-жексен қабір теп-тегіс,

Уақыт, ажал Өткен іс.

Жасамас жан жұбанбас,

Балалық шақ – өткен іс,

Жастық шақ –

жанып кеткен іс.

Қарттықты көңіл құп алмас,

Сені ешкім мендей ұға алмас...». Ақынның боз дөңі осылай дейді.

Ол 1972 жылы тамыз айын­­да Семей ауруханасында өкпе ауруы­нан қайтыс болды. Соңын­да бірнеше кітабы, әдеби сын мақалалары, рецензиялары мен очерктері қалған, қазақ әдебиеті айдынының ірілері мойындап, поэзиясын жоғары бағалаған, жыр алабын аз ғана уақыт ме­кен етсе де, өлең өлкесінде өзін­дік қолтаңбасын қалдырған Төлеу­жан ақын бүгінгі оқырман үшін ашылмаған арал, жұмбақ әлем секілді. Сондықтан Төлеужан Ысмайыловтың өміріне, шығар­ма­шылығына назар аударуымыз қажет-ақ.