Жасанды интеллектінің дамуына арналған көрмеде мемлекеттер басшылары GovTech, Fintech, BigTech, Smart City бағыттарындағы озық шешімдермен танысты. Сонымен қатар IT-компаниялардың жетістіктері, инновациялық және білім беру жобалары қойылған арнаулы аймақты аралап көрді.
Өзбекстан Президентіне Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатыр.
Бұл орталық мыңдаған маманның жасанды интеллект саласы бойынша білім алуына және стартаптарды іске қосуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевке Ұлттық жасанды интеллект платформасы таныстырылды. Оның көмегімен мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыруға болады. Сонымен қатар президенттерге ұлттық экономикадағы ЖИ әлеуетін арттыруды және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауды көздейтін AI-Sana білім беру бағдарламасы туралы мәлімет берілді.
Президенттерге Орталық Азиядағы ірі технопарктер альянсы –Central Asian Innovation Hubs қызметі жөнінде баяндалды.
Былтыр Қазақстан мен Өзбекстанның ірі технопарктерінің лигасы стартаптар экожүйесін дамыту және әлемдік нарықта инновацияны ілгерілету мақсатында осы бренд аясына бірікті. Ынтымақтастық шеңберінде екі елдің 39 стартап жобасы INMerge Innovation Summit, Web Summit 2024 және TechCrunch Disrupt 2024 сияқты ауқымды IT іс-шараларына қатысты.