Ұлттық өнерді жаһанға танытқан зергер

Жаңалықтар

Икрамжан Рафиков зергерлік кәсіппен отыз жылдан астам уақыттан бері шұғылданып келеді. Ол неше түрлі әшекей соғады. Сырға, алқа, білезік, жүзік, бел­дік, тағы сол секілді дүниелер . Әшекей бұйымдары ХVІІІ–ХХ ғасырларда өмір сүрген қазақ халқының мәдениетіне тән. Сонымен қатар сақ дәуірінің мүсіндері мен ою-өрнегін де пайдаланады.

Зергерлік – қажырлы ең­бекті талап ететін өнер. Бұл кәсіпте адам са­ғаттап отырып жұмыс істейді. Көз майын тауысады. Жастардың са­быры мен тәуекелі жетпейтіні де сол.

«Қазіргі жастар ауыр еңбекке шыдағысы келмейді. Одан да блогер ретінде жеңіл ақша тапқанды қалайды. Әрине, әркімнің қалауы өзінде. Бірақ зергерлікті үйренуге 3–4 жыл уақытты сарп ету керек. Зергерлік өнер ә дегеннен мол табыс әкелмейді. Адам осы кәсіпке бейімделіп, шыңдалуына да біраз уақыт қажет. Өкінішке қарай, оған жастардың сабыры мен төзімі жетпей жатыр», дейді суретші-зергер.

Икрамжан Рафиков – Қолөнер­шілер одағының мүшесі. Зергердің айтуынша, осы одақ арқылы ол елімізде, шетелде өткен талай қолөнер фестивальдары мен көр­ме, жәрмеңкелерге қатысқан. Тіпті байқауларда бақ сынап, жүл­делі орындарға ие болған. Непал елінде, Ыстанбұл, Қоқан, Таш­кент қалаларында талай рет қазақтың зергер­лік өнер туындыларын жұртқа таныстырған. 2019 жылы Вашингтонда өткен дүние­жүзілік көрмеде елімізді бүкіл әлемге әйгіледі. Әртүрлі байқау­да сынға түсіп, «Шебер», «Зергер» деген атақтар бойынша жүлде­лі орындар жеңіп алды. Солар­дың ішінде ең бәсі биігі 2021 жылы Нью-Йоркте өткен байқау бол­ды. Бұл байқаудың бір ерек­ше­лігі, үміткер тікелей өзі қатыс­пай, зергерлік әшекейін алдын ала жіберуі шарт. Сол байқауда И.Рафиков ХVІІІ ғасырдың алқалы әшекейін кітапта бейнеленген суретіне қарап жасап жібереді. Байқауды ұйымдастырушыларға қазақтың ұлттық қолөнер бұйымы ерекше ұнайды. Қазылар тіпті екі-үш рет хабарласып, алқаға бедерленген ою-өрнектер қандай мағына беретінін де сұрапты. Сөйтіп, төрткүл дүниеден қатысқан зергерлер сайысында 6 үміткер жеңімпаз атанады. И.Рафиков те солардың қатарында. Ол қазақтың көк туын биікке желбіретіп, «Әлемнің қолөнершісі» деген атақпен елге оралды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осы сында ел абыройының асқақтауына Қолөнершілер одағының төраға­сы Айжан Бекқұлова көп еңбек сіңіріпті.

«Шымкент қаласында туып-өстім. Осындағы №45 мектепте оқып, білім алдым. Әкем Мұхам­меджан суретші болды. Шығар­машылық қорда жұмыс істеді. Бұл мекеме қала әкімдігінің тапсырысын орындайтын еді. Сөйтіп, паннолар жасайтын. Әкемнің досы Абдолла Наурызбаев қазақтың зергерлік өнері құрып бара жатыр, тірілтпесе болмайды деп көп әрекет жасады. Мені шәкірттікке алған да сол кісі. Одан зергерлік­тің қыр-сырына үйрендім. Ұста­зым­ның арқасында кәсібімнің нағыз шеберіне айналдым. Құдайға шүкір, қазір зергерлікті мең­гер­гендер көп. Алдағы уақыт­та Түр­кіс­тан қолөнершілер қала­сы атанбақ. Осыған орай арнайы фес­тиваль ұйымдастырылды. Ұл­­т­ымыздың зергерлік өнерінің бір ерекшелігі оның алуан түр­лілігінде. Бұхарадағы зергерлер фестиваліне бардық. Әлемнің 70 елінен қолөнершілер келіпті. Әрқайсысы өз бұйымдарын қо­нақ­тарға жарқыратып ұсынған. Бірақ солардың ішінде қазақтың әшекей бұйымдары саны мен әдемілігі жағынан бәрінен басым түсті. Соған іштей қуанып, мәз-мейрам болдық. Зергерлік өнер ғасырлар бойы ата-бабадан жалғасып келеді. Ұлттық қолөнер бұйымдарының өзіндік ерекшелі­гі, сипаты қанша ғасыр өтсе де, сол қалпында сақталғанымен, әрбір зергер бәрібір өзінің қолтаңбасын, стилін қалдырады. Тіпті өнер саласын зерттеушілер соған қа­рай әшекей туындылардың қай қол­өнершіге тиесілі екенін стиліне қарап аңғарады. Талантымен та­ныл­ған мықты зергерлердің дүниесі ұлттың мақтанышына айна­лып, музейлерге қойылады. Біздің де арманымыз келешекте қолы­мыздан шыққан дүниелер музейдің бағалы экспонатына ай­налса екен дейміз. Ешкім мәңгі жасамайды. Адамның атын өшірмейтін – артында қалдырған мұралары мен ізгі амалдары», деді И.Рафиков.

Бос уақытында зергердің қос ұлы әкесіне көмектеседі. Бірақ екеуі де әке жолын қуған жоқ. Ик­рам­жан көкеміз балалардың өміріне араласқанды ұнатпайды. Сон­дықтан таңдауына кедергі келтір­меді. Басында ұлдарына ұста­лық кәсіпті үйреткенімен, қа­зір екеуі де басқа салада қызмет атқарады.

Өнерде шекара жоқ деген осы. Икрамжанның бала кезден қазақ­тың ұлттық өнеріне деген құш­тарлығы шеберлік шыңына жетеледі. Оның айтуынша, қазақ пен өзбек халқы туыс халық болға­нымен, зергерлік өнерде айыр­машылық бар көрінеді. Мәселен, өзбек халқында алтыннан жасалатын бұйымдарға көп мән бері­леді. Ал қазақта ұлттық әшекейлер күмістен соғылады. Дегенмен еліміздің әр өңірінің қолөнеріне сол өлкеге жақын көрші халықтардың мәдениеті аз да болса ықпалы мен әсерін тигізеді. Бұл жалпы адамзат өркениетіне тән табиғи құбылыс деп есептейді қазақтың зергерлік өнерін биікке көтерген Икрамжан ака.

ШЫМКЕНТ