Жамбыл облысындағы Меркіде жер сілкінгеннен кейін жол бойына уақытша шатырлар тігіліп жатыр. Мамандар мұны төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жоспарлы сақтық шарасы дейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазір алаңдауға негіз жоқ. Олар мұны 28 наурызда болған екі жер сілкінісінің салдарын жою жөніндегі жедел штаб отырысының қорытындысында айтты. Жағдай тұрақты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық тиісті қызмет күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Құтқарушылар жергілікті тұрғындардан сақтық шараларын сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрайды.
"Тұрғындарды Меркі ауданына арнайы техникалар келіп, уақытша шатырлар орнату мәселесі алаңдатып отыр. Бұл іс-шаралардың барлығы төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған алгоритмге сәйкес жүргізіліп жатыр. Алаңдауға негіз жоқ", – деп сендірді әкімдік.
Зардап шеккендер жоқ, барлық мекеме қалыпты жұмыс істеп тұр. Олардың мәліметінше, 14 әлеуметтік нысан – 9 білім беру, 2 денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау, спорт және мәдениет салаларындағы 1 нысан зардап шеккен.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғындардың талабын ескере отырып, келтірілген шығынды бағалау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ аудан әкімдеріне ауылдық жерлердегі нысандарды аралап, жағдайды қадағалауды, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, қажет болған жағдайда психологиялық көмек көрсету үшін мамандарды жіберуді тапсырды.