Ұлытау облысында киіктердің өлексесін жою жұмыстары жүріп жатыр

Жаңалықтар

Ұлытау облысында қырылып қалған 3 мыңнан аса киіктің өлексесін жою жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Көбі Қаражал қаласы мен Кеңгір су қоймасының маңынан табылған.

Мамандар тобы өлекселерді жинап, арнайы орынға көміп жатыр. Бұл жұмысқа орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен қатар төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және жергілікті әкімдік өкілдері жұмылдырылған. Сондай-ақ көрші облыстардағы ұлттық парктер мен табиғи резерваттардың мамандары да көмекке келді. Өлекселерден сынама алынып, зерттеу жүргізіліп жатыр.

Арман Әбдісалықов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Киіктердің өлу мәселесі... Қыстық кезеңнен, күйзелу кезінен кейінгі киіктердің әлсіреу уақыты, сонымен қатар қалаға кіргендер бұралқы иттердің кесірінен біраз киік қырылып жатыр. 3-4 күн бұрын зоология институт қызметкерлері келіп, Кеңгір су қоймасында өлген киіктердің «пробаларын» алды. «Патологический материалдарын». Қазіргі таңда зерттеу жұмыстарының нәтижесі әлі шыққан жоқ. Жақын арада шығады.