0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Таиландта алапат зілзаладан құрылысы аяқталмаған зәулім ғимарат құлады. Ондаған адам жоғалып кеткен. Ал көрші Мьянмада жүздеген тұрғын қаза тапса керек. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы екі мемлекеттен жеткен соңғы жаңалықтарға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.
Бүгін Мьянма мен Таиландта қуаты 7,7 баллдық жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметке қарағанда, зілзаладан Тай астанасы Бангкокта салынып жатқан зәулім ғимарат құлаған. Үш адам қаза тауып, 81 жұмысшы үйінді астында көміліп қалды. Қазір оқиға орнында іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Апаттың қайталануынан қауіптеніп, Таиланд астанасының тұрғындары байбаламға бой алдырып, жаппай далаға қашқан.
Варунью Армарттаякул, кеңсе қызметкері:
Басында мен түсінбедім, жер сілкінісі болғанын. Кейіннен үстелдер, орындықтар, компьютерлер теңселе бастады. Қабырға жарылып, терезе сынды. Тіпті төбенің бір бөлігі құлап қалды. Сонда қашу қажеттігін ұқтым.
АҚШ-тың Геологиялық зерттеулер агенттігінің дерегінше, зілзала ошағы Мьянманың 1 жарым миллион адам тұратын Мандалай қаласынан 17 шақырым жерде 10 шақырым тереңдікте анықталды. Сейсмологтардың ойынша, табиғи апат бұл шаһарға орасан зардап әкелсе керек.
Брайан Бапти, Британия геологиялық қызметінің сейсмологы:
Бұл – өте үлкен жер сілкінісі. Оның эпицентріне жақын жерлерге қатты зақым келуі мүмкін. Мьянмадағы екінші ірі қала Мандалай сол эпицентрден небәрі 17 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондықтан ол жерде айтарлықтай шығын болуы заңды.
Мьянмада көп нысан опырылып түсті. Солардың қатарында қонақ үйлер, көпқабатты үйлер, балабақшалар, ғибадатханалар бар. Және де жолдар бұзылып, 90 жыл бұрын салынған тарихи көпір де құлады.
Зілзалаға байланысты елдің алты провинциясында төтенше жағдай жарияланды.
Мьянма мемлекеттік телеарнасының дикторы:
Жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен аудандарда апатқа байланысты төтенше жағдай жариялады. Мұны Апатты бақылау комитеті хабарлап отыр.
Әлем ақпарат құралдарының мәліметінше, Мьянмада зілзаладан әзірге 3 адамның өлгені расталды. Алайда құтқарушылардың бірі BBC-ге берген сұқбатында айтқандай, жер сілкініснен бұл мемлекетте жүздеген тұрғын мерт болса керек.
Арыстан Рысбек