Қызылорда облысында сотталғандар саны азаймай отыр

Жаңалықтар

1400-ге жуық адам өңірдегі қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 3 мекемеде жазасын өтеп жатыр.

Статистикалық мәліметтер соңғы 5 жылда Қызылорда облысында жазасын өтеушілер саны 57,5%-ға өскенін айғақтайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыстық прокуратура бұл мəселенің шешімі ретінде сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны жеңіл түрге ауыстыруды ұсынған. Ең болмағанда, оларды қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге ауыстыру қажет деп есептейді.

– Бұл мекемеден шықпай-ақ залалды өтеуге және сотталған адамның қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді. Қазіргі күні қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жұмыспен қамтылғандар саны 81% шамасында, – дейді облыс прокуроры Ризабек Ожаров.

Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер аясында есірткі тасушылардың жазасы жеңілдеп, оны өңдеушілерге қатысты жаза күшейді. Осыған орай, №60 мекемедегі 142 адам жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына байланысты бостандыққа шықса, 136 адамның жазаны өтеу мерзімі айтарлықтай қысқарады.