0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан мен Қатонқарағай аудандарында жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынатын бұл нысандар ішкі туризм мен әуе тасымалын дамытуға мүмкіндік береді. Көлік министрі Марат Қарабаев Зайсан қаласынан 28 шақырым жердегі Сәтбай ауылындағы әуежай салынатын аумақты көрді. Қазір құрылысқа қажетті жер учаскелері рәсімделіп, жобалау жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылым тартылып, құрылыс алаңы дайындалып жатыр. Ұзындығы 2200 метрлік ұшу-қону жолағы және сағатына 150 жолаушыны қабылдай алатын аэровокзал кешені салынады. Әуежай іске қосылғаннан кейін ішкі рейстермен қатар халықаралық әуе қатынастарын да ұйымдастыру жоспарланып отыр. Нысан халықаралық стандарттарға сай салынып, заманауи технологиялармен жабдықталады.
Марат Қарабаев, Көлік министрі:
Зайсандағы әуежайдың құрылысы Қалбатау – Майқапшағай жол құрылысының аяқталуымен тұтастай алғанда ол жақта логистикалық хабтың қалыптасуының негізін қалап отыр. Былайша айтқанда, әуежайдың құрылысы келесі жылға дайын болады. Одан соң бүкіл туристік нысандарға апаратын жолдардың бәрі жөндеуден өтеді. Оған қоса 5 өңірдің вокзалы жөнделеді. Риддердің вокзалы. Одан соң Өскеменнің вокзалы барлығы премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес күрделі жөндеуден өтеді.
Қатонқарғайдағы әуежай да халықаралық талапқа сай болады. Қазір бұл жерде құрылыс басталды. Егер жұмыс кестеден кешікпесе, келер жылы толық пайдалануға беріледі. Шығыстағы қос әуежайды да отандық құрылыс компаниялар салады. Мердігерлерге министр жұмысты сапалы әрі уақытында бітіруді тапсырды.
Олжас Керейхан